Құрметті конференцияға қатысушылар!
Ханымдар мен мырзалар!
Қонақжай және бейбітсүйгіш Қазақстан жеріне қош келдіңіздер!
29 тамыз – барша адамзат тарихындағы айтулы күн.
25 жыл бұрын, дәл осы күні менің Жарлығыммен жер бетіндегі ең үлкен ядролық сынақ алаңдарының бірі – Семей полигоны жабылды.
40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалған полигонның үні біржола өшті.
Осылайша, халқымыз тәуелсіздік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдайтынын барша әлемге паш етті.
Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік көшін бастаған теңдессіз қадамдарының бастауы болды.
Биыл біздің еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесін атап өтуде.
Қазақстан ширек ғасырдан бері тұтас жер беті бейбітшілікке бөленуі үшін бар күш-жігерін салып келеді.
Біз қуаты жөнінен әлемде төртінші орын алатын ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық.
Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтердік.
Қазақстанның бұл бағыттағы сан жылдық ерік-жігері мен ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде көрініс тапты.
Біздің бейбіт бастамаларымыздың бәрі де әлем қауымдастығының жаппай қолдауына ие болуда.
Соның нәтижесінде, Қазақстан жаһандық ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысына айналды.
Біздің ұсынысымызбен бүгінде жер жүзі 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өтеді.
Қазақстанның бұл бейбіт бастамалары жер бетіндегі барша елдердің мүддесіне сай келетінін көрсетеді.
Бүгінгі форум да бәрімізді ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаһандық қауіпсіздікті нығайта түсуге сүбелі үлес қосатынына сенімдімін.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
1991 жылы 29 тамызда біздің еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызы зор оқиға болды.
Біздің жеріміз бен халқымызға 40 жылға жуық қасірет шектірген милитаризмнің ең зұлмат сынағы ширек ғасыр бұрын заңдық тұрғыдан тоқтатылды.
Осы оқиғаның қарсаңындағы бірнеше онжылдық бойында әлем атом қаруын қысқарту, оны сынауға мораторий жариялау үдерістері арқылы ядролық қауіп деңгейін төмендетуге тырысты.
Біз әлемдегі ең үлкен сынақ полигонын жабу туралы жарлық шығару арқылы Қазақстанда «Гордиев түйінін» бірінші болып үздік.
Біздің шешімімізден кейін ядролық державалардың полигондарының үні шықпай қалды, бірақ олардың ешқайсысы әлі жабылған жоқ.
Қазақстан – осындай қадамға барған бірінші ел.
Халқымыздың қалауы осындай болды.
Бұл оқиғаның бүкіл планета үшін ұлық мәні де осында жатыр.
Сондықтан біз осы конференцияға жоғары мәртебелі шетелдік қонақтардың қатысуын Қазақстанның жаһандық антиядролық қозғалыстағы еңбегін халықаралық мойындау актісі ретінде қарастырамыз.
Мен біздің конференция ядролық сынақтарға тыйым салу, атом қаруын таратпау, адамдарды ядролық ессіздік қаупінен арылту үрдісін жандандыру ісіне маңызды үлес қосатынына сенімдімін.
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Атом энгергетикасының ашылуы ХХ ғасырдағы ғылымның ең айтулы жетістіктерінің бірі еді.
Бірақ оны әскери мақсатта пайдалану адамзат тарихындағы ең қауіпті және ең үлкен адасушылық болды.
Атом қаруын қолданатын соғыста жеңу әншейін елес екенін ұлы ғалымдар, әскери стратегтер мен саясаткерлер ядролық дәуірдің қарсаңында-ақ дәлелдеді. Бұл соғыста бәрі жеңіледі.
Жалпыға ортақ жеңілістің құны – әлемді құрту болмақ.
Ядролық апокалипсистің ұдайы төніп тұратын қылышының астындағы өмірге бой үйрету әсері әлден-ақ ұрпақтан ұрпаққа генетикалық тұрғыдан беріле бастады.
Адамзат осы бір қатерлі құрсауды үзе ала ма?
Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25 жылдық мерейтойы – «Тажал қаруын» қысқарту және толық тыйым салу жөніндегі күрестің жаңа кезеңін бастау үшін жақсы себеп.
Планетаның өзін өзі ядролық жою қатерін толық еңсеруге ұмтылып отырған Қазақстанның бірегей тәжірибесі әлемдік тарихтағы бірден-бір әрі қайталанбаған қадам болып қалып отыр.
Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім біз әлі бұрынғы КСРО-ның бір бөлшегі болып отырған кезде қабылданды.
Одақтық әскери-командалық машинаның қуатты қарсылығын еңсеруге тура келді.
Сол кезде, КСРО күйрегеннен кейін, біз қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналға иелік етіп қалдық.
Біздің аумағымызда 104 құрлықаралық баллистикалық СС-18 («Сатана») зымырандары орналасты.
Оларға 1400 ядролық оқтұмсық орнатылған болатын.
Біздің аэродромдарымызда 370 қанатты ядролық зымырандары бар 40 стратегиялық бомбалаушы ТУ-95 МС ұшақтары болды.
Бұл Францияның, Ұлыбританияның және Қытайдың ядролық күштерін қоса алғандағы әлеуеттен артық болатын.
Семей полигонында ядролық қаруды өндіруге және жетілдіруге дайын тұрған қуатты ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы қалды.
Бұған қоса, Қазақстан табиғи уранның әлемдік қорының төрттен бірін иелене отырып, оны байытудың толық циклына, ядролық отын, реакторлар мен қондырғылар өндірісіне иелік етті.
Елдің аумағында ядролық отынмен жұмыс істейтін 5 қондырғы болды, соның ішінде Ақтау қаласындағы атом реакторы да бар.
Осындай қуатты әлеуеттен бас тарту үшін күшті саяси ерік-жігер керек еді.
Ашығын айтайын, біздің қоғамның бір бөлігі ядролық мәртебені сақтауды жақтады.
Осы бір жалған арбауға илікпеу үшін зор күш-жігер қажет болды.
Ядролық қарудан және ядролық держава мәртебесінен бас тарту біздің саналы, шынайы таңдауымыз, Қазақстанның бүкіл халқы қолдаған ерікті акт болды.
Осы тарихи шешімнің гуманитарлық өлшемі де айтарлықтай маңызды еді.
Қазақстан аумағында іс жүзінде 40 жыл бойы жүргізілген үздіксіз ядролық қару сынағы жерімізге және ұлтымыздың денсаулығына алапат зиянын тигізді.
Барлығы 456 ядролық және термоядролық заряд сыналды, соның ішінде 116-сы ауада жасалды.
Ауданы 300 мың шаршы шақырым полигонның айналасында шамамен бір жарым миллион адам тұратын!
Ал кеңестік әскери басшылықтың Қазақстанның аумағында полигон орналастыруға қатысты құжаттық негіздемесінде осы жерлердің «елсіздігі» туралы жалған сөздер бар.
Полигон ғана емес, оған жапсарлас аумақтар да интенсивті радиоактивті ластануға ұшырады.
Бұл сол төңіректе тұратын адамдардың, сондай-ақ барша тірі табиғаттың сәулелік патологияға ұшырауына әкеліп соқтырды.
Мамандардың бағалауынша, сәулелік зақымдануға ұшыраған азаматтардың жалпы саны 500 мың адамға дейін жетеді.
Әлі бірнеше қазақстандық ұрпақ өз денсаулығынан сол қатерлі сынақтардың салдарын сезінетін болады.
Әлемдегі басқа бірде-бір ел Қазақстан мен қазақстандықтар сияқты ядролық сынақтан зардап шекпеген шығар, сірә.
Біздің ядролық қарудан азат әлемге бүгінгі ұмтылысымыз –жалпыұлттық Мәңгілік Ел идеясының маңызды құрамдасы.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Қазақстанның үлгісі бойынша ширек ғасыр ішінде біз ядролық қарудан азат әлем құрудың тиімді моделін қалыптастырдық.
Осы модельді біз әлемнің барлық елдерінде қолдануды ұсынамыз.
Ол мынадай арқаулық негіздерді құрайды.
Бірінші, бұл – Семей ядролық сынақ полигонын жабу, ядролық қаруға иелік етуден бас тарту мен оны өз аумағында орналастыруға кез келген уақытта тыйым салу туралы кең ауқымды жалпыұлттық консенсус негізінде еркін қабылданған шешім.
Екінші. Біз Тәуелсіздігімізге ядролық полигонсыз иелік еттік!
Біз Тәуелсіз елімізді құрдық және бекіттік, оның жоғары халықаралық беделіне ядролық қарусыз-ақ қол жеткіздік!
2006 жылы Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Семей шартына қол қойылды.
Оған барлық қатысушылар – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан – 2015 жылы арнайы хаттамамен ресімделген ядролық клубтың бес державасынан қауіпсіздік кепілдігін алды.
Осылайша, 1994 жылы ядролық державалардың Будапешт меморандумына қол қоюын есепке ала келгенде, еліміз қауіпсіздіктің қосарланған кепілдемесіне ие болып отыр.
Үшінші. Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық шарттардың қатысушысы болып табылады.
Төртінші. Халықаралық келісімдер негізінде, транспарентті режімде, біз ядролық қаруы жоқ ел мәртебесін алу бойынша практикалық іс-қимылдың толық циклын жүзеге асырдық.
Бесінші. Денуклеаризацияның қазақстандық моделі еліміздің Ресеймен, АҚШ-пен және басқа да бірқатар елдермен, сондай-ақ, халықаралық ұйымдармен кең көлемді халықаралық ынтымақтастығына арқа сүйейді.
АҚШ сенаторлары Семьюэль Нанн мен Ричард Лугардың бастамасы бойынша қабылданып, жүзеге асырылған «Қауіп-қатерді бірлесіп азайту» бағдарламасы орасан зор рөл атқарды.
Оның шеңберінде Қазақстанда әскери атомның барлық нысандарын жою бойынша жүргізілетін жұмыстар толықтай қаржыландырылды.
2012 жылы АҚШ, Ресей және Қазақстан Президенттерінің бұрынғы Семей полигонында Үшжақты ынтымақтастықты жалғастыру туралы бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Біз халықты және Семей өңірінің зардап шеккен жерлерін оңалту жөнінде бірқатар қарар қабылдаған БҰҰ көмегін әрқашан сезініп келдік.
Қазақстандықтар бірқатар донор-елдер – Жапония мен Еуропалық одақ мемлекеттерінің бұрынғы полигон аумағында экологиялық тепе-теңдікті сақтау және қалпына келтіру, радиациядан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету ісіндегі үлесін ерекше бағалайды.
Біз әлемдік қоғамдастықтың радиациялық ластану салдарын жою жөніндегі жұмыстарға көмегі күшейе түседі деп үміттенеміз.
Алтыншы. Еліміз, ядролық мәртебесінен бас тарта отырып, ядролық энергетика мен ядролық отын өндірісін қоса алғанда, бейбіт атомды дамыту мүмкіндігін сақтап қалды.
Ұлттық ядролық орталық пен «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы құрылып, жұмыс істеуде.
Біз Төмен байытылған ядролық отын халықаралық банкінің депозитарийі атандық.
Бұл факт Қазақстан қауіпсіздігінің жоғары деңгейі мен біздің жоғары халықаралық беделімізді айғақтайды.
Жетінші. Бүгінгі әлемде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылық орнын сақтап келеді.
Біздің бастамамыз бойынша мәні барлық адамдарды ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыру болып табылатын АТОМ жобасы жүзеге асырылуда.
Әлемдік қоғамдастық болашақта Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құру жолына қадам басудағы тәжірибесінің осы жеті іргелі негізін лайықты бағалайтынына және пайдаланатынына сенімдімін.
Ханымдар мен мырзалар!
ХХІ ғасырда әлемді жаһандық ядролық соғыс қатерінен арылтудың парасатты баламасы жоқ.
Жер өркениетінің дамуы, ғылыми-техникалық прогрестің жаңа кезеңіне тым тақап келген Төртінші индустриялық революция, ядролық қаруды таратпау және жою міндетін адамзаттың аман қалуы мәселесіне айналдырып отыр.
Қазіргі кезде әлемдік ядролық жанжал алдындағы жалпыға ортақ қауіп сезімі ішінара ұйқыға кеткендей.
Кейбіреулер алдыңғы онжылдықтарда қалыптасқан халықаралық уағдаластықтар жүйесіне үміт артады.
Бірақ шындық мынадай: қабылданған шарттар ядролық клуб державаларының ХХ ғасырдың ең соңында кеңеюіне кедергі келтіре алмады.
Халықаралық құқықта, өкінішке қарай, атомды әскери қолдануға тыйым салатын режімді айналып өтуге мүмкіндік беретін көптеген екіұштылықтар бар.
Планетаны ядролық суицид қатерінен азат етудің жолы жеңіл болмайтыны айтпаса да түсінікті.
Ол түбегейлі ментальді өзгерістерді, жаңа көпжақты саяси шешімдерді, халықаралық қатынастарда сенімнің жоғары деңгейін талап етеді.
Мұқият дайындалып жасалған бағдарлама мен бүкіл әлемдік қоғамдастық іс-қимылының үйлесімді алгоритмдері қажет екенін атап көрсетті.
Біріншіден, ХХІ ғасырда адамзат дамудың жаһандық қауіпсіздіктің ажал құштырар сын-қатерлері тіпті де планетада жинақталған ядролық қарудың саны емес, оның бар болу фактісінің өзі болып табылатын нүктесіне жетіп отыр.
Оның халықаралық лаңкестер қолына түсу ықтималдығы әлденеше есе қауіптірек.
Және бұл әлемнің барлық елдерінің таратпау үдерісіне жаппай қатысуы үшін айтарлықтай аргумент болып табылады.
Екіншіден, ядролық таратпау және қарусыздану үдерістеріндегі табыс немесе сәтсіздік әлемдік қоғамдастықтың мелитаристік анохранизмді еңсере білу қабілетіне тікелей тәуелді.
Болуының өзі арандатушылық пен мағынасыздық туындататын әскери блоктарды өткеннің еншісінде қалдырған жөн.
Өзімнің жалпыәлемдік соғысқа қарсы шаралар туралы көзқарасымды мен әлемді бірте-бірте демилитариязациялау үшін негіз бола алатын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесімде мазмұндап бердім.
Мен планетаны ядролық өзін өзі жою қатерін шешімді түрде төмендету мүмкіндігін осыдан көремін.
Үшіншіден, әскери қуаттардың осындай түрлеріне де-факто ие барлық мемлекеттердің қатысуымен ядролық арсеналды қысқарту үдерісін көпжақты қылу қажет.
Оған қазіргі таңда «табалдырықтағы» топқа жататын мемлекеттердің ядролық мәртебелерін толық заңдастыру алғышарт қалауға тиіс.
Барлық ядролық державалар Ядролық қару-жарақты қысқарту туралы шарт қалыптастыру бойынша келіссөздерге кірісуі керек.
Төртіншіден, ХХІ ғасырда ядролық қауіпсіздіктің халықаралық құқықтық базасы өз негізін нығайтты.
Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылдың 7 желтоқсанында, адамзат тарихында алғаш рет Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады.
Қазірде ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі барлық халықаралық құқықтарды кодификациялаудың маңызы зор.
Ядролық державалардың атом қаруына ие болудан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, ядросыз мәртебесіне ие мемлекеттерге кепілдіктерінің заңдық тұрғыда міндеттейтін жүйесін дамыту қажет.
Ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралар қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін қалыптастыру керек.
Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен бекіткен орынды.
Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қаруға толық және жаппай тыйым салуына қол жеткізу үшін іс-қимылдар жасауда.
Бесіншіден, бізге ірі державалармен және күштердің жаңа орталықтарымен арадағы қарым-қатынастарды реттейтін жаңа механизм қажет.
Оның сыртында дау-жанжалдардың алдын алу үшін жаңа халықаралық ұйымдар құру немесе қазіргі бар институттарды реформалау қажет деп есептеймін.
Ірі державалар арасына қатысты дағдарыстарды басқару жүйесін құру керек.
Сондай-ақ, қару-жарақтың қарапайым түрлері мен жаңа әскери технологияларды таратуға бақылауды күшейтудің де маңызы зор.
Мен бүкіл үкіметтерді ядролық қауіпсіздік негізін құрайтын халықаралық шарттар мен институттарды одан әрі нығайту бойынша жаңа міндеттемелер қабылдауға шақырамын.
Мен, сондай-ақ, бүгінде өз елдері мен халықтарының өкілі болып табылатын барлық парламентшілерді де осы іске белсенді атсалысуға шақырамын.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшесі ретіндегі қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі осы және өзге де шараларға арналатын болады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше, ядролық қарудың ең үлкен арсеналына ие мемлекеттерге бүкіл әлем алдында айрықша жауапкершілік жүктеледі.
Біз дәл сол мемлекеттер осы жұмысқа басшылық жасап, үлгі көрсетуі тиіс деп санаймыз.
Алтыншыдан, ядролық қауіпсіздікті күшейтуге, ядролық қаруларды сынауға және жетілдіруге қарсы кең ауқымды қоғамдық қозғалыс ядролық қатерден арылу ісіне жаңа серпін беруі тиіс.
Қымбатты достар!
ХХІ ғасырда адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қарай лайықты жол табуға күш-қуатының жететініне сенімім мол.
Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдық мерейтойын салтанатты жағдайда атап өте отырып, біз әлемді ядролық өзін-өзі жойып жіберу қатерінің ешқайда жоғалып кетпегенін тағы да сезінуге шақырамыз.
Әлемдік қоғамдастықтың байыпты ұжымдық іс-қимылдар энергиясына ұлғайтылған ерік-жігері мен ой-санасының біздің планетамыздың ядролық апат шыңырауына қарай қадам басуына жол бермейтініне сенемін.
Бүгінде оны ең бір күйреткіш қарудан азат ете отырып, әлемді неғұрлым қауіпсіз етуге әлі де мүмкіндік бар.
Бүгін осы мінберден айтылатын үндеулер мен ұсыныстардың саясаткерлер мен ғалымдардың, бүкіл ізгі ниетті адамдардың құлағына жетеріне сенімім мол.
***
Ең алдымен, Қазақстан мен оның халқының атына айтылған жылы сөздері үшін бүкіл конференцияға қатысушыларға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.
Ядросыз әлемге қол жеткізуге бағытталған сындарлы идеялар мен ұсыныстар үшін алғыс айтамын.
Олар конференцияның қорытынды құжаттарын дайындау барысында ескеріледі және халықаралық ұйымдарға жіберілетін болады.
Біздің конференцияның дәл бүгін – 29 тамызда өтуінің де символдық мәні бар. Бес жыл бұрын, 2011 жылы Халықаралық ядросыз әлем үшін форумында Ядросыз әлем үшін Астана декларациясы қабылданды.
Бүгінде ең бір белгілі қайраткерлер шоғырының қатысуы біздің форум проблемасының мейлінше көкейкесті және маңызды екенін көрсетеді.
Адамзаттың озық бөлігінің ядролық қаруға тыйым салуға және жоюға деген ұжымдық ерік-жігерінің көрінісі де осы болып табылады.
Қазірде бірыңғай үндеулермен ғана шектелмей, планетамызды ядросыз болашаққа қарай нақты істермен алға бастырудың маңызы айрықша зор.
Ол жер тұрғындарының болашақ ұрпағының бақыты мен өркендеуі үшін, бүкіл елдер мен халықтардың мүддесі үшін қажет.
Ядролық қару туралы ортақ конвенцияның талдануы және қабылдануы бұл бағыттағы нақты қадамдардың бірі болып табылады. Сіздер қолдау көрсетеді деп үміттенемін.
Ол ядролық қаруды орнатуға тыйым салып, оның ішінде оған ие елдер үшін де оны жоюдың нақты мерзімдерін белгілеуі тиіс.
Сонымен бірге, біз ядролық қаруға заңнан тысқарылық мәртебесін беретін өзге де заңдық тұрғыда міндеттейтін құжаттардың қабылдануын жоққа шығармаймыз.
Жаһандық ядролық қарусыздануға қосқан біздің еліміздің үлесіне және менің жеке өзімнің қарапайым үлесіме берілген жоғары бағалар үшін тағы да зор ризашылық сезімімді білдіргім келеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің Жаһандық бейбітшілік және қауіпсіздік сыйлығын тағайындау туралы бастама үшін алғысымды білдіремін. Бүтіндей алғанда, мен бұл бастаманы қолдаймын. Сірә, оны Ядролық қарусыздану сыйлығы деп атау неғұрлым дұрыс болатын сияқты, оның атауын әлі де ойластыру қажет. Біз ақылдасамыз және осындай сыйлық тағайындау жөнінде шешім қабылдайтын боламыз.
Қарашада Қазақстанның астанасында менің бастамаммен Астана бейбітшілік саммиті өтетінін хабарлағым келеді.
Оған мемлекеттердің, үкіметтердің басшылары, белгілі саясат және қоғам қайраткерлері, көптеген елдердің ғалымдары мен бизнесмендері қатысатын болады. Жаңағыдай сыйлықты тағайындау және оны алғашқы лауреатқа тапсыру туралы дәл сол саммитте әңгіме қозғауға болар еді.
Конференцияға қатысушылардың бәріне тағы да алғыс айтамын.
Сіздерге өз қызметтеріңізде зор табыс тілеймін.
Назар қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет!