ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ ҚОҒАМЫ ЖОЛЫНДА
Қадірлі Ел жастары!
Білім жолындағы жас қырандар! Оқытушылар мен студенттер!
Сіздермен кездесіп, ой бөлісетін дәстүрлі дәріс мен үшін үлкен қуаныш!
Жаңа оқу жылы құтты болсын, берекелі, табысы мен жеңісі мол жыл болсын!
Ықылым замандардан қалған «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөз бар.
Қазақтың бұл мақалының өзектілігі бүгінгі таңда тіптен айрықша.
Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман.
Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенеді.
Сол білімді әжетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімен бағаланады.
Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз – өмір тұл.
Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны.
Құрметті оқытушылар мен студенттер!
Біздің Университет қазір үлкен жолдың ең басында ғана тұр.
Бірақ қазірдің өзінде халықаралық өлшем бойынша өзінің жоғары оқыту үлгі-қалыптары мен ғылыми-зерттеулерін құруда.
Мұнда білім беру және ізденіс құндылықтары мен дәстүрлердің жүйесі қалыптастырылу үстінде.
Бұған қазір тек қазақстандық ЖОО қоғамдастығы ғана емес, сондай-ақ біздің барлық білім беру жүйесі бағдар ұстап отыр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын, Университетімізді жоспарлап, салуды енді ғана бастаған кезде біз оның Қазақстандағы ең озық ЖОО болғанын қаладық.
Жаңа ЖОО қажет болатын.
ХХІ ғасырдағы қазақстандық жоғары мектептің болашақ үлгісі бола алатын жаңа ментальді көшбасшы ЖОО.
Осылайша мен өзімнің есімімді беруге келіскен ғаламат Университет пайда болды.
Университеттің әлеуеті тұрақты түрде нығайып келеді.
Бүгінде мұнда бір жарым мыңнан астам студент білім алуда.
Осы жылы конкурс бір орынға оннан астам адамды құрады.
Мұнда лекцияны әлемнің жетекші университеттерінен келген профессорлар оқиды.
Өмір туралы ғылым орталығында, Энергетикалық зерттеулер орталығы мен Тәртіпаралық орталықта ғылыми қызметтер қарқын ала түскен.
Мұнда 70 шақты ғылыми-техникалық жоба жүзеге асырылып жатса, жыл соңына дейін олардың саны 100-ге дейін өседі.
Әлемнің беделді ғылыми басылымдарында ғылыми еңбектер жарық көріп жатыр.
Қазірдің өзінде өнертапқыштық үшін 4 патент алынған.
Біз университетті әрі қарай да дамыта беретін боламыз. Бүгінде біз Білім беру мектебін ашамыз. Жыл соңына дейін Бизнес мектебі мен Мемлекеттік саясат мектебін ашуды жоспарлап отырмыз.
Біз Медициналық және Тау-кен мектептерін ашатын күн де алыс емес.
Мұнда, университеттік білім беру көшбасшысының қабырғаларында, еліміздің жаңа болашағы, мемлекетіміздің жаңа элитасы дүниеге келуде.
Қазақстандықтарға бейбітшілік пен сенімді өркендеуді қамтамасыз ете отырып, Қазақстанды ХХІ ғасырда дамыту міндеті тұрғандар дүниеге келуде.
Бүгін менің лекциямды біздің кең байтақ еліміздің барлық түкпірлерінде миллиондаған жоғары сынып оқушылары мен студенттер тыңдауда.
Бүгін мен сіздермен қол жеткен табыстар мен қиын тәжірибелерге арқа сүйей отырып, еліміздің алға қарай табысты ілгерілеуін жалғастыру үшін біздің бәрімізге білім беруде, ғылымда, экономика мен саясатта жаңадан не істеу керектігі туралы ой-толғамыммен бөліспекпін.
20 жылдық табысты және тұрақты дамуында Қазақстан өзінің басты тарихи мақсатына жетті.
Ғасырларға созылған тарихында тұңғыш рет байырғы қазақ жерінде абсолютті халықаралық легитимділікке ие мемлекет орнады.
Танылған мемлекеттік егемендік – бұл аса зор және аса қымбат ресурс екенін айтуға тиіспін.
Осы жылдар бедерінде еліміз осы егемендік пен саяси салмақты жеңіп алу және мойындату үшін жұмыс істеді.
20 жыл өткенде мақсат орындалды.
Тәуелсіздік жылдарында, яғни тек бір ұрпақ шеңберінде, Қазақстан дамушы елден табыс деңгейі орташа және экономикасы өсу үстіндегі елге айналды.
Өмір сапасы еселеп жақсарды, өйткені, біз әу бастан қазақстандықтар өмірінің жоғары үлгі-қалыптарына бағыт алдық.
Мәселен, кедейлік деңгейі соңғы он жылда 4 есе қысқарды.
Теңгермелі сыртқы саясат Қазақстанға әлемдік аренада үлкен табысқа қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Адам ресурсына ұзақ мерзімді және ойластырылған салымдар бізге талантты және, мен сенімдімін, табысты жас ұрпақты сыйға тартты.
Біз сіздер кәсіпқойлар болып, Жер шарының кез келген бұрышында сұранысқа ие, Қазақстанға ХХІ ғасырда табыс пен игілікті қамтамасыз ете алу үшін сіздердің оқуларыңыз бен өз-өздеріңізді жетілдіруге барынша қолайлы жағдайлар туғыздық.
Бұл, қажет деп тапсаңыздар, сіздердің болашақ миссияларыңыз және сіздердің аға буын алдындағы жауапкершіліктеріңіз.
Құрметті аудитория!
Осы ғасырдың алғашқы онжылдығы халықаралық лаңкестіктің тұтануымен басталды, ал содан кейін ұзақ онжылдықтар бойы қалыптасқан әлемдік экономикалық тәртіпті бұзған, ауқымы жөнінен адам айтқысыз жаһандық дағдарыс төбеден төнді.
2007 жылы АҚШ-та басталған дағдарыс 2008 жылы Еуропаға аяқ басса, оны осы уақытқа дейін экономикалық қыспағынан шығармай келеді.
Бүгін әр ел жаңа жаһандық ортадан қайта-қайта өзінің орнын іздеп, бәсекеге қабілетті болып қалу үшін өзін өзгертуге мәжбүр.
Қазір әлемдік экономикалық құрылыстың моделі қайта пайымдалып, тұтыну экономикасы мен әлемдік қаржының негіздері трансформациялануда.
Планетаның бүкіл тарихындағы аса ірі жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс әлі еңсерілген жоқ.
Ол барлық елдерге, соның ішінде Қазақстанға да күшті ықпал етуін жалғастыруда.
Және күн тәртібіне жаһандық саяси қозғалыстар, қуат көздері бағасының күлдіреуі мен ресурстық жанжалдар сияқты сыртқы тәуекелдер шықты.
Жаңа тәртіп өз ішінде әр елдің ішкі қауіпсіздігі үшін де сын-қатерлер туындатуда.
Осының барлығы көптеген елдерде әлеуметтік қысымға, тәртіпсіздіктерге арандатуға, дінаралық жанжалдарға және сондай-ақ лаңкестік ұйымдар тарапынан қатерлерге алып келуі ықтимал.
Біздің міндетіміз – осы тәуекелдерді барынша төмендету, сондықтан қазір еліміз үшін барлық маңызды бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізудеміз.
Біріншіден, прагматикалық сыртқы саясатта негізгі екпін:
– жаңа өзара қарым-қатынас пен әріптестікті дамытуға;
– экономикалық дипломатияға;
– Қазақстанның өңірлік қауіпсіздіктегі рөлін одан әрі нығайтуға түсірілетін болады.
Түбегейлі дағдарысты басынан кешіп жатқан халықаралық қоғамдастықта Қазақстанның нені қалайтынын білетініне; нені ұсына алатынын білетініне; мәселенің бағасын жақсы есептейтініне және өзінің міндеттемелерін әрқашан орындайтынына күмән болмауы тиіс;
Екіншіден, дамудың жаңа кезеңінің экономикалық саясаты инвестициялық саясатқа айтарлықтай түзетулерді болжамдайды.
Инвестициялар барынша қайтарымы болатын бағыттарға жұмсалады.
Қазақстанның қазіргі заманғы экономикалық моделінде пайда мен инвестицияларды қайтару үрдістері озық әлемдік корпорациялардағы сияқты болады.
Біз қазір халықаралық экономикалық ынтымақтастыққа жаңа қадамдарды айқындаудамыз.
Өсудің жаңа нүктелері шағын және орта кәсіпорындар болады.
Осының барлығы жаңа қазақстандық индустрия үшін өте маңызды.
Қазақстанның негізгі стратегиялық басымдықтары – бұл шикізат ресурстары.
Қазір біз еліміздің жаңа экономикалық өсімін қалыптастыру үшін энергетикалық және өндіруші салаларды тиімді пайдалану, аталған салалардың өнімділігі, өнім көлемі мен табысты барынша арттыру мәселелерін қарастырудамыз.
Тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін біз әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек және еңбекпен қамту саясатын оңтайландырамыз.
Денсаулық сақтауда басталған реформаларды жалғастырамыз.
Тұрғын үй құрылысы, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарларын қайта бағдарлаймыз.
Жаңа кезеңде әкімшілік реформа өте маңызды.
Осы блокта орталықсыздандыру, жеке меншікті қорғау, келісім-шарттық қарым-қатынас институттарын нығайту, заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету мәселелері қарастырылуда.
Осы негізгі бағыттар Қазақстанның жаңа әлемдік тәртіп жағдайындағы Жаңа даму бағытын айқындайды.
Қазір ол Үкіметпен және сарапшылармен жасалу үстінде.
Қымбатты достар!
Бүгін қазақстандықтар – жас және серпінді ұлт. Біздің азаматтарымыздың орта жасы 35-тен аспайды.
2005 жылы басталған туу қарқыны, болжам бойынша, 2016 жылға дейін жалғасады.
Балалар бұған дейінгі жылдардан 1,2 миллионға көп болады.
Олар Қазақстанның жаңа болашақ құрушыларының эстафетасын іліп әкетеді.
Біз қазірдің өзінде олардың толыққанды дамуы үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында мен мемлекеттік жастар саясатын күшейту бойынша бірқатар тапсырма бердім.
Қазірдің өзінде Жастар істері жөніндегі комитет құрылған.
Барлық өңірлерде жастар істері жөніндегі басқармалар жасақталуда.
2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Жастар саясатының жаңа тұжырымдамасын жасау жүріп жатыр.
Жас қазақстандықтар азамат дегеніміз – бұл тек құқық қана емес, бірінші кезекте өзі, өзінің отбасы және біздің Отанымыз үшін ұлы жауапкершілік екенін есте ұстаулары тиіс.
ХХІ ғасырда қазақстандықтар Ұзақ жасаушылар Ұлты болуы тиіс.
Көп жағдайда денсаулық тек медицинамен байланыстырылады.
Денсаулықты бірінші кезекте адамның өзі қалыптастыруы керек.
Мен сіздерді және барлық студенттерді біздің олимпиадашыларымыздың жеңісі құрметіне зиянды әдеттерден бас тартуға шақырамын, спортпен айналысыңыздар, саламатты өмір салтын ұстаныңыздар.
Құрметті тыңдаушылар!
Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз.
БҰҰ жанындағы халықаралық ұйымдар, жетекші еуропалық көшбасшылар, көптеген белгілі экономистер мен саясаткерлер қазірдің өзінде Үшінші индустриялық революция тұжырымдамасын ресми түрде қабылдап үлгерді.
Бұл тұжырымдамаға белгілі америкалық ғалым Джереми Рифкин өте айқын түсініктеме берді.
Алғашқы революция бу қозғалтқышын ойлап шығарумен байланысты болса, екіншісі – электр және тұңғыш байланыс құралдарын ойлап шығарумен, үшіншісі сандық байланыспен бірге басталды.
Жақын жылдары Интернет технологиялар мен қайталама көздер Үшінші индустриялық революция үшін жаңа инфрақұрылым құру мақсатында бірігіп кетеді.
«Энергетикалық Интернет» миллиондаған адамға өз үйлерінде, офистерде және зауыттарда таза энергия өндіруге және онымен еркін алмасуға мүмкіндік береді.
Қазір Африкада Сахарада «күн» және «жел» электр стансалары құрылысын салудың ауқымды жобасы дайындалуда.
Оның үстіне энергия Еуропаға Жерорта теңізі арқылы су асты кабелімен жеткізілетін болады.
Қайталама энергетика кәсіпшіліктің біздің халқымыз үшін дәстүрлі түрлерін, сондай-ақ жайлау мал шаруашылығын қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Иелігінде кішігірім жел және күн стансасы бар кез келген шабан өзіне ыңғайлы тұрағы, байланысы және суы бар қолайлы жайлауды салып ала алар еді.
Қазақстанда жердің 90 пайызы химикаттармен және пестицидтермен ластанбаған.
Сондықтан халықаралық рыноктарда үлкен сұранысқа ие таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар.
2050 жылға қарай азық-түлікке сұраныс әлемде 40 пайызға артады.
«Жасыл экономика» беретін барлық осы басымдықтар үшінші индустриялық революцияның негізі болады.
Тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін этносаралық және дінаралық қатынастар институттарын дамыту өте маңызды.
Діни және этностық кемсітушілік, сондай-ақ осы негіздегі қылмыстар үшін жазалаудың заңнамалық шараларын қатаңдату қажет.
Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін одан әрі жоғарылатқан жөн.
Қазақстандықтар экстремизм мен радикализмді қабылдамайды.
Біздің азаматтарымыз қашанда саяси боссөзділік пен әлеуметтік алауыздыққа қарсы шығады.
Біз сіздермен бірге әлемнің түрлі түкпірлерінде саяси, ұлтаралық, діни жанжалдар болып жатқанын көріп отырмыз.
ХХІ ғасырда олардан ешкім де сақтанбаған.
Және бұл жерде жеңімпаздар жоқ.
Мұндай жанжалдарда тек қайыршылыққа, күйзеліске, аштыққа, созылмалы азамат соғысы мен орта ғасырларға кері кетуге алып келетін жамандық қана жеңеді.
Бүгін, ХХІ ғасырда біз «шыны әлемде» өмір сүріп жатырмыз.
Бұл әлем – мөлдір және нәзік. Мұнда тас лақтыруға болмайды.
Оны сақтай білу керек.
Мен біздің халықтық игілігіміз болып табылатын қазақстандық табыстың үш кілті туралы еске сала кеткім келеді.
Бірінші. 140 этностың басын құрайтын барлық қазақстандықтардың бірлігі – бұл ғаламат құндылық.
Біздің міндетіміз – оны қорғау, сақтау және байыту.
Біз әлемдік мұхитта өз бағытымен аман-есен жүзіп келе жатқан қайығымызды ешкімнің шайқауына жол бермейміз.
Екінші. Біздің барлығымызға және әрқайсымызға тән тағаттылық.
Этностық және діни айырмашылықты байыппен түсіну және құрметпен қабылдау.
Осының арқасында біздің әралуандығымыз біздерді бөлмейді, қайта біріктіреді.
Егер біздің тағаттылығымыз болмаса, онда біздің қайығымыз бағытынан ауытқып кетуі ықтимал және әрі қарай апаттан қорғалмайтын болады.
Біз апатқа ұшырап, «SOS» белгісін беретін теңіз саяхатшыларына айналамыз.
Үшінші. Бұл тарихи тағдырымыздың ортақтығы.
Біздің мақсатымыз – өзгермелі әлемдегі жаңа жағдайларда тек тірі қалу емес, сондай-ақ бұрынғы табыстарымызды нығайта, осы жаңа әлемге өзіміздің ықпал ету мүмкіндігімізді кеңейте отырып, дамуымызды жалғастыру.
Тек осы біздің құндылықтарымызды нығайта және көбейте отырып қана біз әр қазақстандық отбасы үшін қауіпсіз және бақытты болашақ құра аламыз.
Қымбатты достар!
Инновациялар негізіндегі индустрияландыру біздің қоғамымыздың жаңа құнды бағдарына айналды.
Біздің еңбексүйгіштігіміз біздің екінші құнды жеңісіміз болып табылады.
Мен «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты өзімнің бағдарламалық мақалама көптеген жылы үнқатулар алудамын.
Еңбексүйгіштік әркезде де қазақстандықтардың ерекше сипаты болғандықтан, бар және бола беретіндіктен ол таңғаларлық емес.
Қазақстандықтар елдің өркендеуі әр азаматтың еңбегіне, оның біліміне, жауапкершілігіне байланысты болып табылатын біртұтас және бөлінбейтін отбасы.
Бүгінде бос орындар жұмыссыздардан аз емес.
Бүгінде білікті жұмыс қолдары жетіспейді.
Жұмыс істегісі келгендердің бәрі жұмыс табады және бір емес, екі жұмыс тауып, еңбекақы алу мүмкіндігі бар. Тек ниет болуы керек.
Ахуалды сауатты басқара білу қажет.
Оны еңбек ресурстарын бөлу арқылы жүзеге асыру қажет – жұмыс қолдары мен ақылды бастар барлық жерге де керек.
Біз жақсы өмірге тез үйреніп алдық.
Біздің адамдарымыз өзге елдерде не болып жатқанын жиі ұмытып кетеді.
Мен оларды атап жатпаймын, өздерің де жақсы білесіңдер.
Онда қарапайым адамдар еңбекақының, зейнетақының, жәрдемақылардың деңгейі немесе тағы басқалар туралы айтпайды. Оларда әйтеуір бір жерге орналассақ деген жалғыз-ақ арман бар.
Ал біздің Қазақстанда әркімнің тұрақты өмір сүріп және отбасын асырап қана қоймай, балаларына білім беріп және болашақты жоспарлау мүмкіндігі бар.
Дамыған елдердегі ең басты қағидат мынандай – жұмыс адамды емес, адам жұмысты іздейді.
Әр адам жұмыс істеуге, орналасуға және өмір сүруге мүмкіндік бар жерлерге ұмтылады.
Бұл әлемнің барлық дамыған елдері үшін аксиома.
Егер біз өмір сапасының әлемдік жоғары үлгі-қалыптарына жетеміз десек, онда соған сәйкес еңбек ету қажет.
Сондықтан да тәртіп пен еңбек сапасы айрықша маңызға ие болуда.
Осынау қарапайым ережелерсіз табысты әлеуметтік жаңғырту туралы сөз де болмақ емес.
Мемлекет халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсаса да, егер әрбір қазақстандық өз тағдырының еңбексүйгіш қожайынына айналмаса, елдегі бар жақсылардың бәрін қадірлеп, оларды одан әрі еселемесе, ол артпайды.
Қазір қол қусырып қарап отыруға болмайды.
Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек.
Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол.
Маңыздысы – тәртіп пен реттіліктің ең басты мәселе екенін есте сақтау қажет.
Сендер менің жұмысшы шекпенінен өсіп шыққанымды білесіңдер, сондықтан мен әрбір өндірісте, әрбір ұжымда еңбек тәртібі қажет деп есептеймін.
Сондықтан мемлекет түпсіз донор емес, қоғам мен Қазақстан азаматтарының әл-ауқатының өсуіне жағдай жасайтын әріптес болатындай жаңа пішінге көшудің маңызы зор.
Тағы бір бұлжымас құндылық бар – ол білімге ұмтылу.
Әлемдік сарапшылар білікті кадрларға деген өткір тапшылық орнайды деп болжауда.
Болжамдарға сәйкес әлемдік рынок 2020 жылға қарай жоғары білімді 40 миллион қызметкерді, 45 миллион кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарды қосымша қажет ететін болады.
Қазірдің өзінде инженерлер, дәрігерлер, химиктер, биологтар мен «нақты» және «табиғи мамандықтардың» өзге де өкілдері айрықша тапшылық туындатып отыр.
Қараңыздар, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия сияқты елдер өздерінің идеялары мен технологияларын шебер орындауының, өздерінің тиянақтылығы мен еңбегінің арқасында табыстарға жетіп отыр.
Біздің заманымыздың ең белгілі теорияшы физиктерінің бірі Стивен Хокингтің айтуынша, адамзат үздіксіз жаңғыртуды қажет ететін өз эволюциясын өзі айқындайтын дәуірге аяқ басты.
Сендердің білімдерің – ол сендердің еңбектеріңнің нәтижесі.
Сендер өздігінен білім алуға неғұрлым көбірек еңбектенсеңдер, соғұрлым көбірек білетін боласыңдар.
Білімді біз мемлекеттің экономикалық ресурсы, өндіріс факторы ретінде қарастырамыз.
Біз халықаралық үлгі-қалыптарға жақындата отырып, ұлттық білім беру жүйесін бірізділікпен жаңғыртудамыз.
Соңғы үш жыл бойына Қазақстан ЮНЕСКО-ның Білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 елі ішінде көшбасшылардың төрттігінде тұр.
Жаңа таланттарды ашу біздің оқушыларымыздың халықаралық интеллектуалдық жарыстарда жеңіп алған наградалары санының қарқынды өсуін қамтамасыз етті.
Егер 1998 жылы небәрі 8 медаль жеңіп алынса, биылғы жылдың өзінде 957.
Өсу 120 есе дерлік!
1993 жылы біз болашаққа ұмтылған шешім қабылдадық.
«Болашақ» бағдарламасы инновациялық білім берудің қазақстандық моделін жүзеге асырудың алғашқы шешуші тетігіне айналды.
Бүгінде осы бағдарлама бойынша білім алып, өздері білім беру жүйесінде, Назарбаев Университетінде еңбек етіп жүрген түлектер осы залда отыр.
Біз барлық деңгейлердегі білім беру сапасын бірізділікпен жақсартудамыз.
Мектепке дейінгі білім беру саласында «Балапан» бағдарламасы ырғақты жүзеге асырылуда.
Біз жан басына қаржыландыруды өмірге енгіздік және мемлекет-жеке меншік әріптестігін дамытудамыз.
Мектеп жасына дейінгі мекемелер саны 3,5 мыңнан астамға артты.
Екі жыл ішінде балаларды қамту 36-дан 65 пайызға ұлғайды.
2020 жылға қарай біз балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі білім берумен қамтуды қамтамасыз ететін боламыз.
Мектеп жасына дейінгі білім беруді жаңғырту одан әрі жалғасуы тиіс, болашақта көп қырлы тұлға қалыптастыру үшін негіз де дәл сонда қаланады.
Сондықтан мен Үкіметке мыналарды тапсырамын:
Бірінші. Озық халықаралық тәжірибе негізінде мектеп жасына дейінгі тәрбие мен білім беруге оқытудың қазіргі заманғы әдістемелерін енгізу қажет.
Олар инновациялық, ал білім беру технологиясы креативті болуы тиіс.
Екінші. Балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту мәселесіне қатысты жүйелі ұсыныстарды егжей-тегжейлі әзірлеу қажет.
Үшінші. Мектеп жасына дейінгі білім беру деңгейінде үш тілді оқытуды жаппай енгізуді қамтамасыз ету қажет.
Осылайша біз тілдерді меңгерудің қисынды жүйесін қалыптастыра аламыз: әліпбиі – балабақша деңгейінде, мектепте – базалық деңгей, университет пен колледжде – мамандық бойынша кәсіби тіл.
Орта білім беру жүйесінде біз 12 жылдық оқытуға көшуге дайындықты жалғастырамыз. Жаңа білім беру үлгі-қалыптары әзірленуде.
Орта білім беру инфрақұрылымы жақсартылуда, үш ауысым жойылуда.
2014 жылдың аяғына дейін 522 жаңа мектеп салынатын болады.
Қазіргі уақытта Интеллектуалдық мектептер желісі белсенді дамытылуда.
Олардың тәжірибесі біртіндеп бүкіл орта білім беру жүйесіне таратылатын болады.
Үстіміздегі жылы елдегі 35 оқу орындары Интеллектуалдық мектептер үлгі-қалыптары бойынша жұмыс істей бастайды.
Озық технологияларды алға бастыру үшін орта білім беруге электронды оқыту енгізілуде.
2012 жылы ол 581 мектепте енгізілетін болады. Бұдан былай ауылдық мектептер балалары, мүмкіндігі шектеулі балалар оқу материалдарына қол жеткізе алатын болады.
Біз орта білім беруді жаңғыртуды жалғастыруға тиіспіз.
Біздің орта білім беруді жан басына қаржыландыруға сатылап көшіруді қамтамасыз етуіміз қажет.
Оқушы басқа мектепке ауысқан жағдайда, ақша да онымен бірге барады.
Осылайша, біз мектептер арасындағы бәсекелестікті арттырамыз.
Үкіметке қанатқақты мектептерде жан басына қаржыландыруды енгізуге кірісуді тапсырамын.
Мұғалімдер біліктілігін арттыруға және оларды материалдық ынталандыруға жеке назар аудару қажет.
Біз озық педагогикалық тәжірибелер негізінде әзірленген педагогтарды қайта даярлаудың жаңа үш деңгейлі бағдарламасын енгіздік.
Үкіметке таяудағы 5 жыл ішінде 120 мың мұғалімді біліктілік арттырудың жаңа бағдарламасы бойынша оқытуды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Біз мектептер автономиясын дамытып, оларда қадағалау кеңестерін құруымыз қажет.
Іс жүзінде біз мектептер деңгейінде бастапқы жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тетіктерін тәжірибеден өткізуді бастайтын боламыз.
Қазақстанда әлемдік деңгейдегі колледждер желісі – кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту флагмандары құрылуда.
Олардың базасында бизнестің қатысуымен оқу орындарын басқарудың корпоративтік түрі, жаңа білім беру үлгі-қалыптары мен оқу бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу сынақтан өтетін болады.
Үкіметке жыл соңына дейін Атырау қаласында Кәсіптік-техникалық білім берудің өңіраралық орталығын ашуды тапсырамын.
2014 жылы Астана мен Алматыда жаңа колледждер өз жұмыстарын бастауы тиіс.
Біз сол сияқты жоғары білім берудің де сапасын арттыруға тиіспіз.
Табысты университеттер дегеніміз, бірінші кезекте автономдық мәртебесі, академиялық еркіндігі бар және ғылыми-зерттеу қызметіне бағдар ұстанған ЖОО-лар.
Назарбаев Университеті өз қызметін осы қағидаттарға сәйкес жүзеге асыруда.
Бұл тәжірибені елдің басқа да ЖОО-ларына тарату қажет.
Құрметті оқытушылар мен студенттер!
Назарбаев Университеті интеллектуалдық-инновациялық кластер болуға тиіс.
Ол үшін не істеу қажет?
Үкіметке мыналарды тапсырамын:
Бірінші. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, оның жанынан арнайы экономикалық аймақтар құру мәселесін қарастыру қажет.
Екінші. Индустриялық жоғары технологиялы алаңқайлар құру жөніндегі жұмысты белсенді жүргізу керек.
«Қазатомөнеркәсіп» және «Қазғарыш» ұлттық компаниялары қазірдің өзінде Университет жанынан күн энергиясы, ғарыштық технологиялар бойынша ғылыми-зерттеу орталықтарын құруда.
Үкімет пен «Самұрық-Қазынаға» Университет төңірегінде ұлттық компаниялардың жоғары технологиялы өндірістері мен салалық ғылыми-зерттеу институттарын одан әрі орналастыру жөнінен нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын.
Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар да бұл жобадан тысқары қалмауы тиіс.
Үшінші. Кластердің тұрақты дамуы үшін ұзақ мерзімді болашақта Университет үшін қосымша алаңдар бөлу қажет.
Астана қаласының әкіміне осы мәселені қарастыруды тапсырамын.
Төртінші. Мен талай жылдан бері айтып келе жатқандай, ғылым мен бизнестің ықпалдастығының белсенділігін арттыру қажет.
Әлемде мұндай ықпалдастықтың жақсы үлгілері бар.
Осылайша, АҚШ-та өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында индустрия мен университеттер арасында бірлескен орталықтар құру жөнінен Ұлттық ғылыми қор бағдарламасы іске қосылды.
Қазіргі уақытта жеті жүзден астам профессорлар, шамамен сегіз жүз аспирант пен екі жүз студент жұмыс істейтін шамамен осындай 50 орталық табысты жұмыс жүргізуде.
Орталықтар жұмыс істеген уақыттар ішінде оларда шамамен 1000 серпінді технологиялар әзірленді.
Мен «Самұрық-Қазына» қорына Университетпен бірлесіп, индустриялық кәсіпорындар тапсырыстары бойынша жұмыс істейтін Инжиниринг орталығын құру мәселесін қарастыруды тапсырамын.
Бесінші. Технопарк, бизнес-инкубатор, коммерцияландыру және технологиялар трансферті орталығы, венчурлық қорлар сияқты инновациялық инфрақұрылымдар элементтерін құруға кірісу қажет.
Қазақстанда зерттеу ЖОО-ларын дамыту жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру керек.
Дамыған әлемде инновациялардың үлкен бөлігі және университеттер жанындағы коммерцияландыру офистері жұмыстарының нәтижелері университеттік ғылымға тиесілі.
Оның үстіне жастарды кәсіпкерлікке, инновациялық менеджментке дәл осы университеттерде оқытады, ал ол өз зерттеулерінің нәтижелерінен қаржылай пайда тапқысы келетін кез келген ғалым үшін қажет.
Мәселен, Кембридж университетінде бүкіл әлемде мойындалған инновациялық экожүйенің төмендегідей тиімді институттары бар: Ғылыми офис, Кембридждің бизнес мектебі, Инновациялық орталық, Ғылыми технопарк, Идеялар инкубаторы, Коммерцияландыру және технологиялар трансферті офисі.
Осылайша, әлеуетті ғалым үшін ол пайдалана алатындай институттар мен құралдардың мол түрі бар.
Ол оның таңдауы. Ол үшін коммерцияландыру бойынша іс-қимылдардың жазылған бағыты жоқ.
Университет міндеті – ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру үшін барлық қажетті тиімді инфрақұрылым құру.
Бұл ретте Кембридждің бұған ұзақ жылдар бойы эволюциялық жолмен келгенін атап өту қажет.
Қазақстандық тұрғыда, бәлкім, алдымен қолда бар қажеттіліктер мен перспективалы нақтылы жобаларға арқа сүйей отырып, институттардың инновациялық кластер сияқты біркелкі жүйесін құру қажет болар.
Дәл осындай көзқарас сапалы адами капиталдың қайнар көзіне, экономика мен білім қоғамын құрудың негізіне айналмақ.
Құрметті студенттер!
«Бүкіл өмір бойы оқу ендігі жерде балама емес, асқан қажеттілік» дейді Гарвард университетінің нақылдарының бірі.
Соған байланысты, сендер алатын сапалы білім бар болғаны жолашар интеллектуалдық капитал болып табылады.
Сендерге өзді-өздеріңмен үздіксіз жұмыс істеп, өз білімдеріңді, кәсіби құзырлылықтарыңды арттыру қажет.
Неміс философы Зиммельдің айтуынша, «білімді адам – ол өзі білмейтінді қайдан табуға болатынын білетін адам».
Мен сендерді Интернет алмастыра алмайтын белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерді үйренуге, отандық және әлемдік әдебиеттің терең мұраларын танып-білуге шақырамын.
Сендердің бәрің лайықты өмірдің, әл-ауқаттың, жаңа өмір сапасына қол жеткізудің тек еңбек арқылы ғана келетінін есте сақтауларың керек.
Қымбатты жастар!
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген.
Біз өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықпыз.
Мына заманда «Өнердің кілтін тапқан ғана өрге шабады».
Сендер, тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар.
Осы жауапкершілікті сезіне біліңдер.
Мемлекеттің ең ұлы мұраты – әрбір азаматының тауқымет көрмей, бақуатты тіршілік кешуі.
Менің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаламның да түпкі мәні осында.
Қазақ «бейнет түбі – зейнет» дейді.
«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» тіршілік жасау бізге жат қылық болуы тиіс.
Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырған ғана табысқа жете алатынын қаперден шығармаған абзал.
Бұл – заман талабы.
Сендер Қазақстанның өз ғылымы мен технологиясын, өзіндік ұстанымын жасайтын ғылым иесі болуларың керек.
Кез келген кәсіп иесі өз шаруасын тың тәсілмен, жаңа әдіспен істеуге ұмтылса ғана ешкім жетпеген табысқа жете алады.
Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес.
Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер!
Құрметті студенттер!
Қадірлі ұстаздар!
Қазақ мемлекеті жыл өткен сайын тың белестерді бағындырып, жаңа асулардан асуда.
Алдағы уақытта Қазақ елінің табысты жолын лайықты жалғастыру сендердің еншілеріңде.
Ұлы Абай:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой!
Бес асыл іс көнсеңіз, – деп бекер айтпаған.
Адамзатты терең ойға кемел білім жетелейді.
Оқыңдар! Білім алыңдар! Талаптана біліңдер!
Тынымсыз еңбектеніңдер!
Тұлпар дүлдүлдігімен, адам білгірлігімен озады.
Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек!
Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты.
Ендеше, білімдерің толыссын! Еңбектерің жансын! Назарларыңа рахмет!
«Егемен Қазақстан», 2012 жылғы 6 қыркүйек