National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Сөйлеген сөздер


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзі.25.05.2011ж.

2011 жылғы 03 мамыр

 

Ардақты әлеумет!

Төрткүл дүниедегі қазақты туған жердің төсінде қауыштырған осы құрылтайға келіп отырсыздар. Бүкіл еліміз Қазақстан сіздерді құшағын ашып, шын жүректен, қуанышпен қарсы алуда.

Осы күні еліміздің ақпарат құралдары, зиялы қауым, жастар, барлығы да сіздердің келгендеріңізден хабардар. Жолдарыңыз ақ болсын, хош келдіңіздер деген қуанышымызды білдіргім келеді.

Баршаңызды қасиетті қазақ жерінде қарсы алып отырғаныма мен де зор қуаныштымын.

Еуразия төріндегі ұланғайыр атажұртқа сіздер әлемнің 35 елінен келіп отырсыздар.

Туған топыраққа сағыныштарыңызды арқалап жеткендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.

Қасиетті қазақ жеріне, жерұйық-мекен Астанаға келген «қадамдарыңыз құтты болсын, ағайын!» деп тағы бір рет айтқым келеді.

Қымбатты бауырлар!

Құрылтай – тойласу үшін емес, ойласу үшін шақырылатын жиын екенін баршаңыз білесіздер.

Бабаларымыз ел тағдыры таразыға түскен тұста, жаңа белеске қадам басар шақта құрылтай шақырып, кеңес құрған.

Біз бүгін сол игі дәстүрдің ізімен жиналып отырмыз.

Тағдыр талайымен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен ағайынның атамекенде бас қосуы бәрімізге зор қуаныш.

Десек де, биылғы құрылтайымыздың жөні бөлек, жолы ерек, маңызы айрықша.

Өйткені біз тәу етер Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында жиналып отырмыз.

Сондықтан, бүгінгі құрылтайдың «Қазақ елі» монументі жанындағы мынау біз отырған Тәуелсіздік сарайында өтуінің өзіндік зор мәні зор!

Ендеше, өткеніміз бен жеткенімізді байыптап алар сәт туып отыр, ағайын. Соны мен сіздерге біраз баяндап өтейін.

 

Қадірлі құрылтай қонақтары!

Бізді бүгін осы салтанатты ғимаратқа ортақ ниет, ортақ мақсат жинап отыр.

Ол – елдіктің жайы, ел болудың қамы.

«Ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айрылады» дейді дана халқымыз.

Ен даланы еркін жайлаған бабаларымыз қашанда ел деген ұлы ұғымды Құрандай қастерлеп, ұрандай ұстанып келген.

Бостан күндер бастан ауып, бодан күндер басқа түскен кер заманда да еркіндік пен елдіктен еш уақытта үмітін үзбеген.

Баршаңыз білесіздер, бүгінде жер жүзінде мыңдаған ұлттар ғұмыр кешуде.

Алайда, өзінің тәуелсіз мемлекетін құру олардың бәріне бірдей бұйырмаған.

Алып планетадан туын тігер алақандай төбе таба алмай жүрген халықтар қаншама!

Олардың арасында саны жағынан қазақты сан орап кететіндері де бар.

«Бақ – бағалағанның басында тұрады» дейді.

Сондықтан біз басымызға қонған бақты бағалай білейік, ағайын.

Аталарымыздың сан ғасырлық аңсары болған тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, оны нығайта беруіміз қажет.

Біздің арғы-бергі тарихымызда елдің еңсеріле көшулері аз болмаған.

Әуелі, еске түсірсек,  «Қайранда менің Еділім» деп ел айырылған зарлы көші өшпес із қалдырды.

Ұлы дала Қаратаудың басынан құлаған қаралы көштің де куәсі болды.

Одан беріде тағдыр талайымен шетел асқан шерлі көшті де бастан кешірдік.

Ал тәуелсіз мемлекет құрып, жасампаз өмірге бет бұрған бүгінгі көштің жөні бөлек.

Бұл ауған ел қайта оралған, айырылған ағайын қайта табысқан Ұлы көш болып саналады.

Біз ғасырлар  бойы замана дауылымен жөңкіле көшіп, ғасырлар тоғысында туған елдің төріне  біржола табан тіредік.

Мен бір айтқан сөзімде:

«Күйінсін жауың, сүйінсін досың,

Жиылсын қауым, құйылсын көшің» деп едім. Дұшпанды күйіндірген, досты сүйіндірген құтты көш болды.

Біз қанша еліміз кең, осындай кең-байтақ деп жүрсек те, дәл бүгінгідей өз мемлекеттігіміз болған жоқ. Қазақтың табан тірейтін, дәл қазіргідей мағынада «елім, жерім» дейтін мемлекеті болған жоқ. Мұндай ауқымда еларалық шекараны ресми шегендеген жоқ. Өзінің шылбыр-тізгіні қолына тиген жоқ. Барлығын біз осы бір жиырма жылда, қысқа қас-қағым уақытта орнына келтірдік. Ата-бабаның арманын орындадық. Біз бақытты ұрпақпыз.

Қадірлі қауым!

Алыстан ат сабылтып жеткен ағайын!

Естеріңізде болса, 1992 жылғы тұңғыш құрылтайда:

«Құрылтайға қатысқан қонақтар Қазақстанның гүлденіп-көркейгеніне таяу жылдарда куә болар» деп айтып едім.

Сондағы тілегім Жаратқанға жеткендей, айтқаным келіп, Қазақстан аз уақытта әлемге танылған айдынды ел болды.

Экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, жері дәулетті, елі сәулетті мемлекет ретінде ірге орнықтырды.

Бүгінде бізді бүкіл әлем сыйлайды, бүтін дүние санасады.

Өйткені Қазақ елі адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қадамға барып, атом қаруынан өз еркімен бас тартты.

Ядросыз әлем құру бастамасы арқылы Жер жүзіне ізгіліктің өнегесін көрсетті.

Біз мемлекетіміздің іргесін орнықтырып, еліміздің шекарасын шегендедік.

Аз жылдың аясында Арқа төсінде, мынау өздеріңіз көріп отырған, ғасырдың ғажайыбы атанған арайлы елордамыз, асқақ Астананы тұрғыздық.

Кезінде желмая мініп жер шолған Асан қайғы бабамыз Есілдің бойын көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» депті.

Сол айтқандай, сіздер алты жылда шын мәнінде жерұйыққа айналған Астананы көріп отырсыздар.

Қазақ жері татулықтың туын тігіп, ұлтаралық, дінаралық келісімнің әлем үлгі тұтатын айшықты мысалына айналып отыр.

Қазақ халқы ұлысты ұйыстырушы ұлт ретінде өзге этностарды бауырына басып, даналығы мен дархандығын көрсете білді.

Осы жылдар ішінде еліміз жаһандық ауқымдағы 3 дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты.

Біз дағдарыс тұсында дамудың даңғыл жолына түскен ел атандық.

Егер 1994 жылы ішкі жалпы өнім әр адамға шаққанда 700 доллардан болса, бүгін ол жан басына 9 мың доллардан келіп, ол 12 есеге өсті!

Әлемдік тәжірибеде өз тәуелсіздігінің 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізіп көрмеген екен.

Біз халықтың әл-ауқаты бойынша ТМД елдерін озып, халықаралық рейтингте 50-ші орынға ие болдық.

Қазір Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша дүниедегі алғашқы 50 мемлекеттің қатарында.

Ұлттық қорды қосқанда, біздің 73 миллиард доллар қаражатымыз бар.

Дағдарыс жылдарында әлемнің көптеген елдерінде жалақы, зейнетақы, шәкіртақы қысқартылып  жатты. Ал біз, керісінше, бұл көрсеткіштерді жылдан-жылға өсіріп отырмыз.

Соңғы 10 жылда мұғалімнің жалақысы 5 есе, дәрігердің  жалақысы 7 есе, зейнетақының орташа мөлшері 6 есе өсті.

Жыл сайын 6 миллион шаршы метрлік тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз.

Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға дейін төмендейтін болады.

Өткен жылы біздің еліміздегі ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайызды құрады.

Біз бұл көрсеткіштерге тоқмейілсіп отырған жоқпыз.

Бүгінде біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудамыз.

Бұл бағдарлама елімізді жаңа биікке шығаратын болады.

Біз шикізатқа малданатын, оның әлемдік бағасына алданатын ел болмауға тиіспіз.

Кен байлығы таусылмай қоймайды. Бәрінен де керегі – ел байлығы.

Ел байлығы дегенім – бәсекеге қабілетті экономика мен жаңа технологияны игерген білікті мамандар болып табылады.

Қазақстанда өткен бір жылдың өзінде 800-ге жуық өндіріс орны құрылды.

Таяудағы бірнеше  жылда  біз құны 8 триллионнан астам теңге болатын 300-ден астам жобаны жүзеге асырамыз.

Соның арқасында тағы да 200 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Біз ел дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарын жасадық.

Ол кезеңде еліміздегі ішкі жалпы өнімнің көлемі кемінде 30 пайызға өсуі тиіс.

Жақын жылдары Қазақстан Еуразияның ірі көлік торабына айналмақшы.

Қазір біздің еліміз арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолының құрылысы қауырт жүріп жатыр.

Ұлы Жібек жолын жаңғыртатын бұл дәліз арқылы жүк жеткізу теңіз жолымен салыстырғанда 3 есеге қысқаратын болады.

Бұл жол шетелдегі қазақ кәсіпкерлеріне де мол мүмкіндік ашады.

Қазақ елінің табыстары әлемдік саясатта да салтанат құруда.

Біз ТМД және Азия елдері арасында алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік.

Беделді ұйымның мыңжылдықтағы алғашқы алқалы Саммитін өткіздік.

Өткен жылы осы сарайда 56 елдің басшылары бас қосып, әлем дамуының аса маңызды мәселелерін талқылады.

Астана Саммиті қазақтың абыройын жаһанға жайып, еліміздің жұлдызын жоғарыдан жандырды.

Бұйыртса, биыл қазақ елі тағы бір биік белесті бағындырайын деп отыр.

Ол – еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуі.

Ислам дінін ұстанатын 57 мүше-елі бар. Бұл ұйымның тізгінін ұстау бізге зор жауапкершілік жүктейді.

Күллі мұсылманның басын қосқан ұйымға төрағалық ету Қазақстанның ислам әлеміндегі беделін биіктете түсетін болады.

Қазақ қазақ болғалы біз дәл мұндай биікке көтерілген емеспіз.

Сол беделді биігіміздің тұғырынан таймайық, бауырлар!

Саммиттен кейінгі тағы бір орасан оқиғаның бірі – Қысқы Азия ойындары болды.

Астана мен Алматыда қатар өткен дүбірлі Азиадада ел спортшылары құрлық біріншілігін жеңіп алды.

Бұл дүбірлі жарыс та еліміздің абыройын асырып, айдынын тасыта түсті.

Биылғы жылғы сәуір айында елімізде кезектен тыс президент сайлауы өткенін баршаңыз білесіздер.

Бұл сайлау біздің елдігіміз бен ынтымағымыздың мерейін үстем етті.

Елдіктің ерен ерлігін, бірліктің баянды жемісін бүкіл дүниеге тағы да бір паш етті.

Бірлік болмай, елдік болмайтынына көз жеткізді.

Бірқатар елдерде орын алған халық наразылығын біліп отырсыздар.

Ол толқулар ең алдымен әлеуметтік мәселелердің асқынуымен байланысты.

Біздің елдегі Президенттік сайлау – халықтың әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айғақтап берді.

Сайлаудан кейін мен халықтан көптеген құттықтаулар, тілектер алдым.

Олардың арасында алыстағы ағайыннан келгендері де аз емес.

Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға шынайы алғысымды айтқым келеді.

Шын жүректен шыққан ризашылығымды қабыл алыңыздар!

Бір қазақ ретінде мен ғұмыр бойы білігім мен қайрат-қабілетімді қазағым үшін жұмсап келе жатқан адаммын.

Құдай денсаулық берсе, халқыма әлі де аянбай қалтқысыз қызмет ете беремін деп сенемін.

Қымбатты қандастар!

Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деген сөзі бар.

Біздің тәуелсіздікпен бірге сөзіміз тіріліп, өзіміз еңсе тіктедік.

Бабадан жеткен қасиетті қазақ тілінің осы жылдары мемлекеттік мәртебе алып, құлашын кеңге жая түскенін білесіздер.

Естеріңізде болса, 1991 жылы қазақ мектептерінде оқитын шәкірттердің жалпы саны 32 пайыз ғана болатын. Сөйтіп, біздің тіліміз кеңес заманында жойылуға тақады.

Бүгінде ол көрсеткіш екі есеге артып, мектептерде бір жарым миллионнан  астам бала қазақ тілінде білім алады.

Аралас мекемелерді қосқанда, барлық балабақшалардың 90 пайызға жуығы қазақ тілінде тәрбие беруде.

Қазір мемлекеттік органдарда іс жүргізу  негізінен қазақ тіліне көшірілді.

Мен «Қазақстан» телеарнасына биыл күзден бастап толық мемлекеттік тілде хабар таратуға тапсырма бердім.

Балалардың тіл үйренуіне көмектесетін «Балапан» деген арнайы телеарна ашылды.

Таяу кезеңде қазақ тілінде «Мәдениет», «Білім» деген жаңа телеарналарды іске қосуға әзірлік жүруде.

Қазақ тілінде шығатын басылымдардың саны да жыл сайын арта түсуде.

Егер 1991 жылы, біз тәуелсіздік жариялаған жылы, Қазақстанда қазақ тілінде небәрі 82 басылым шыққан болса, бұл көрсеткіш биыл 523-ке  жетті.

Еліміздегі кітаптардың 80 пайыздан астамы қазақ тілінде жарық көруде.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, қазақ тілінің құлашын кеңге сермейтін күні алыс емес деп сенемін.

Мен биылғы Жолдауымда 2020 жылға қарай қазақ тілін білетіндердің саны кемінде 95 пайызды құрауы тиіс екенін айттым.

Қазірдің өзінде қазақ балабақшаларына өзге этнос бүлдіршіндері көптеп келуде.

Балаларының келешегін мемлекеттік тілмен байланыстырып қарайтындар ұл-қыздарын қазақ мектептеріне беруде.

Енді 10 жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығады деп межелеп отырмыз.

Тәуелсіздіктің тірегі – ұлттық сана екенін білесіздер. Ал ұлттық сана  тарих пен мәдениет арқылы қалыптасады.

Осыған орай, елімізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан ұланғайыр қаржы бөлінуде.

Бағдарлама бойынша барымызды бағалап, жоғымызды түгендеуде ұланғайыр іс атқарылды.

Соның арқасында 100-ге тарта тарихи-мәдени нысан жаңғыртылып, оның 73-інде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.

Шетелдерден тарих пен мәдениетімізге қатысты 5 мыңнан астам құнды деректер табылып, көшірмелері елімізге әкелінді.

Әлемдік ақыл-ойдың ең озық үлгілері қазақ тіліне аударылып, олар том-том кітап болып жарық көруде.

Бұл құндылықтар келешекте жастардың бойына ұлттық сананы сіңіруге жол ашады.

Ұлттық фольклорымыз  «Бабалар сөзі» деген атпен 100 томға жинақталып жарық көруде.

Сондай-ақ, әр қиырда шашылып жатқан ұлттық музыкалық мұрамыз  да жинақталды.

Оларға шетел қазақтарының әндері мен күйлері де енгізілгенін атап өткім келеді.

Діңгегі берік ұлттық руханиятымыз бен ата дініміз өркен жайып келеді.

1991 жылы Қазақстанда небәрі 68 мешіт болатын, бүгінде олардың саны 2400-ге жуықтады.

Қашанда толеранттықты ту еткен біздің елде дін бостандығына барлық жағдай жасалған.

Тек өткен жылдың өзінде еліміздің 3 300 азаматы Мекке-Мединеге барып, қасиетті қажылық парызын өтеп қайтты.

Құт қонған қазақ елі сан түрлі дін өкілдерінің басын 3 рет қосып, бүкіл әлемдегі діндарлардың сауабын алды.

Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының құрылтайларын өткізу еліміздің игі дәстүріне айналды.

Құрметті қандастар!

Биыл тәуелсіздікпен бірге атамекенге ат басын бұрған Ұлы көшке де 20 жыл толды.

Бүгінгі Құрылтай осындай мерейлі белеспен тұспа-тұс келіп отыр.

Сондықтан, биылғыдай баталы жылы біздің бастамаларымыз жемісті болуға тиіс.

«Елге ел қосылса – құт» дейді дана халқымыз.

Азаттықтың елең-алаңындағы күрделі кезеңге қарамастан көшіміз көлікті болды.

Содан бері ұлы көш бір сәтке толастаған емес.

Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді.

Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты. Дүниежүзінде өз қандастарын еліне шақырып, қаражат бөлген біз үш-ақ мемлекеттің біреуіміз. Өздеріңіз білесіздер, ол – Израиль, Германия және Қазақстан. Үкіметтің тарапынан келген ағайындарға біраз көмек көрсетіліп жатқанын білесіздер.

Халқымызда «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» деген ұлағатты сөз бар.

Сондықтан қай қиырда жүрсек те «Қазақстан» ұғымы біздің жүрегіміздің түкпірінде сақталуы тиіс.

Сіздер «сүйегім атажұртымда жатса» деп тілеген аталар аманатын арқалап келіп отырсыздар.

Шеттегі бауырларымыздың табанына кірген шөңге, біздің жан-жүрегімізді де сыздатуы керек.

Менің Жарлығыммен 2008 жылдан бастап қандастардың жыл сайынғы көшіп келу квотасын 20 мың отбасыға көтердік.

Елге ағылған ағайынның көшін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдадық.

Оны ойдағыдай  іске асыруға мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінді.

«Нұрлы көш» бағдарламасы аясында іргелі істер атқарылды.

Бірқатар облыс әкімдері көшіп келген қандастарға арнайы ауылдар салып, игілікті іс тындыруда. Жұмысқа бейімдеу үшін орталықтар құрдық. Шеттен келгендерге тіл үйрету шараларын қолға алып жатырмыз.

Мен Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысындағы осындай елді мекендерді өзім барым көрдім. Келіп жатқан, қоныстанып жатқан ағайынның қуанышында шек жоқ.

Қадірлі бауырлар,

Ата жұртын аңсап келген ағайын!

Бүгінгі алқалы жиында қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдарын айқындап алуымыз керек.

Сондықтан, алдағы мақсат-міндеттерді бірлесіп белгілеп алғанымыз жөн.

Біріншіден, Парламентте «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы қаралуда.

Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа Заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін.

Ол қандастарымыздың құжат тапсыруда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс.

Бұл орайда бір нәрсені қаперде ұстаған жөн. Соңғы кездері белгіленген квота толмауда.

Туған елге табан тіреймін, көшіп келемін деушілерге қашанда есігіміз ашық екенін мен тағы да қайталап айтамын.

Бұл орайда, қандастарымызды Отанға оралту жұмысын жүйелей түсу керек. Дүниеде жағдайдың әртүрлі екенін білесіздер. Біз дүниежүзілік дағдарыстан өзге елдермен бірге шығып келеміз. Сондықтан «келем дегеннің бәріне қаражат, үй, жұмыс беріп, толықтай алып келетін жағдаймыз бар» деп ойламаңыздар. Біздің 20 мың отбасы деп отырғанымыз сондықтан.

Ал бірақ өз бетімен көшіп келіп, ағайын болып, отбасымен қосылып, басқа жағдайлармен келсе, әсіресе жастар оқуға келем десе, оларға да ешқандай кедергі болмайды.

Осыған байланысты біз «Нұрлы көш» бағдарламасының 2-ші кезеңінің жобасын қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Бұл кезеңде қандастарды жаңа өндірісті өңірлер мен ауыл шаруашылығына кеңінен тартудың жолдары сараланатын болады.

Ол үшін келген мамандарды қажеттілікке байланысты қайта даярлап, қысқа мерзімде оқытумен қамтамасыз етеміз.

Мемлекет қандастарымызға қатысты қамқорлығын жалғастыра береді.

Бағдарламаның еліміздің индустриялық дамуымен байланысты екенін қаперден шығармағандарыңыз абзал.

Екіншіден, шетелден келген құрылтай қонақтарының басым көпшілігі -  60 пайызы жастар екен.

Жастар – біздің болашағымыз.

Біздің әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда біз оны жүзеге асырамыз.

Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне қандастарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастарымен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын.

Қазір білектінің емес, біліктінің озатын заманы.

Астанада әлемдік деңгейде Халықаралық университеті ашылғанын білесіздер. Кіріп-шығып, көріп те қайтарсыздар.

Бұл жоғары оқу орнында дүниежүзінің ең білікті мамандары мен ғалымдары дәріс оқиды.

Сондықтан, мен әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенде оқуға және қазақ еліне қызмет етуге шақырамын.

Қазір жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, білімді жас мамандар аса қажет. Жас қыздар мен жігіттер келіп оқитын болса, осында оқу бітіріп, мамандық алып, кейін ата-аналарын шақырып алатын шығар. Ол да қажет.

Сондықтан, шетелдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустриялық өндіріске жұмысқа тарту керек.

Қажет болса, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуді енгіземіз.

Үшіншіден, біз шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесеміз.

Байланыс және Ақпарат министрлігі «Каспионет» арнасының қазақтар тұратын елдерге таралуын қамтамасыз етуі керек.

Сонымен бірге, ұлттық дәстүріміз бен тарихымыз туралы хабарларды арттыру жолдарын қарастыруды тапсырамын.

Бұған қоса, министрлік дүниежүзіндегі қазақ жастарының байланысын нығайту үшін арнайы веб-портал ашқаны жөн.

Төртіншіден, қандастар тұрып жатқан елдерде ұлттық өнерді кеңінен таратуына жағдай жасауымыз керек.

Біз қазақтың қаймағы бұзылмаған көрші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани мұралары сақталғанын жақсы білеміз.

Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне экспедициялар ұйымдастырып, осындай құнды мұраларды жинақтауды тапсырамын.

Бесіншіден, біз шет елдерде кіші құрылтайлардың тұрақты өткізілуін құптаймыз.

Осыған байланысты, бұл құрылтайларға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат Қоры қолдау көрсететін болады.

 

Қадірлі қауым!

Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы!

Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы!

Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақыттта ұмытпауымыз керек.

Қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан – ел тәуелсіздігі!

Сондықтан, біздің басымызға бақ боп қонған тәуелсіздіктен асқан ешқандай құндылық жоқ.

Ендеше, тәуелсіздіктің 20 жылдығына тұстас келіп, ақ түйенің қарны жарылған бұл той – біздің ұланасыр ұлы тойымыз.

Тойымыз тарқамасын, ардақты ағайын!

Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!

Алаштың айбыны, бар қазақтың ортақ Отаны – Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасасын!

 

Астана, Тәуелсіздік сарайы, 2001 жылғы 25 мамыр.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің