National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Сөйлеген сөздер


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың XI Еуразия медиа-форумында сөйлеген сөзі

2013 жылғы 25 сәуір

 

Құрметті форумға қатысушылар!

Ханымдар мен мырзалар!

 

Сіздерді Қазақстан жеріне келулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Еуразия медиа-форумы екі жылдан бері Астанада өткізіліп келеді.

Қазір біздің жиынымыз өтіп жатқан Қазақ медиа орталығы жұмысын бастағаннан бері Қазақстанның астанасы Еуразияның ақпараттық коммуникациясының маңызды буынының біріне айналды.

Еуразия медиа-форумы өзінің он бір жылдық тарихында саясаткерлер мен сарапшылардың журналистер қауымымен пікір алмасатын бірегей алаңы болып қалыптасты.

Мен форумның еуразиялық ықпалдастықты дамытуға қосқан үлесін айрықша атап өткім келеді.

Үш ел – Қазақстан, Ресей және Беларусь бірлесіп, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік құрды, Еуразия экономикалық одағын қалыптастыру үшін өнімді жұмыс істеуде.

Форумның күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі Еуразия экономикалық одағын құру перспективаларын  талдаумен байланысты екені мені қуантады.

Осы залда қызу талқыланатын басқа да тақырыптар маңызды екені даусыз.

 

Ханымдар мен мырзалар!

 

Күн тәртібіне шығарылған мәселелер жөніндегі өз көзқарасымды білдіре кетейін.

ХХI ғасырда медиа саласының маңызы күрт артып келеді. Медиа саласы қоршаған әлемде болып жатқан оқиғаларды таратушы болып қана қоймай, көп жағдайда оның жекелеген елдерде және тұтас әлемде қалай өрістеп отырғанын айқындайтын жетекшілік негізі бар күшке айналып отыр.

Жаппай онлайн-журналистика – БАҚ дамуының жаңа кезеңі.

Ол БАҚ-ты дамытуға шексіз мүмкіндік береді.

Біріншіден, сарапшылар бағалауы бойынша, таяу келешекте коммуникация мен медиа дамыған елдердегі ұлттық өнімнің елеулі бөлігін құрайтын болады.

Өзге экономикалық салалардағы құлдырау мен тоқыраушылық құбылыстарына қарамастан, медиа-нарық, ең алдымен, тұтынушылар сұранысының артуы есебінен қалыпты әрі дәйекті түрде ұлғаятын болады.

Екіншіден, таяудағы бес жылдың өзінде Интернетке қол жеткізу үшін жалпыәлемдік тұтыну шығынының жыл сайынғы өсімі болжанып отыр, демек, оны пайдалану және контентін құру үшін төлем, орташа алғанда, 9 пайыздан астам болады.

Үшіншіден, шындығында БАҚ тұтынушылардың өзіне тікелей ақпарат беруге бейімделген контент «кезеңіне» енеді.

Бұл электрондық медиа үшін де, мерзімді медиа үшін жаңа ахуал қалыптастырады.  

Мен мерзімді басылымдардың таяу уақытта жойылатыны немесе «Гутенберг дәуірінің ақыры» туралы топшылау жасауға ерте деп есептеймін.

Алдағы онжылдықтарда газеттер мен баспа ісі жойыла қоймайды. 

Киноның пайда болуымен театр, телевидениенің пайда болуымен кино мен радио, интернеттің пайда болуымен радио мен телевидение жойылып кеткен жоқ қой.

Ақпараттық сала – қазіргі заманғы мәдениеттің жаһандық және нақты ұлттық өлшеміндегі бөлінбес бөлшегі.

Біз Қазақстандағы масс-медианы дамыту перспективаларын осы тұрғыдан қарастырамыз, одан қоғамымыздағы бірлікті нығайтудың, елдің ілгерілеу жолына сеніммен қадам басуын қамтамасыз етудің маңызды факторын көреміз.

Өткен жылғы желтоқсанда Қазақстан-2050 Стратегиясы жарияланғаннан кейін өте маңызды алғашқы құжат – «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасының бекітілуі үлгі болып отыр.

Онда Қазақстандағы медиа-кеңістікті техникалық және мазмұндық тұрғыдан жаңғырту, оны ХХІ ғасырдың жаһандық әлемінде біздің қоғамымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды тетігіне айналдыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. 

Тұтастай алғанда, медиа саласының ролін арттыру жаңа құрылымның (БИҚ) өмірге келуіне жол ашады. Мен оны «Бұқаралық инновация құралдары» деп атаған болар едім. Ол тек экономикада ғана емес, саясатта да, әлеуметтік өмірде де, қоғамның  рухани-адамгершілік жағдайының дамуының да жоғары стандарттарын қалыптастырады.

Мен бұдан ұлттық және жаһандық масс-медианың XXI ғасырдағы басты миссиясын көремін.      

 

Құрметті форумға қатысушылар!

 

Біздің Орталық Азия өңірі жалпы әлемдегі сияқты, өзгерістер белдеуіне қадам басты.

Осыған орай өңірлік қауіпсіздік проблемасы, әсіресе оның алдағы онжылдықтағы жаһандық өлшем жағдайындағы көрінісі өте өзекті болып отыр. 

Мен «апаттық теорияларды» қабылдамайтынымды бірден айтайын.

Мен Ауғанстанда халықаралық коалиция күштері операциясының белсенді кезеңі аяқталғанда, 2014 жылы өңірге белгісіз «Х сағатын» жақындататын, кері санау таймері іске қосылды деп мүлде есептемеймін.

Мұндай жағдай ешқашан болмайды деп сенемін. Дегенмен, мұны тілейтіндер немесе осындай  сценариймен қорқытқысы келетіндер бар.

Ашығын айтсам, бүгінде Орталық Азия өңірінің сыртқы қабылдауында өткеннің күшті серпіні сақталып қалған.

Мұның себебі кейбір масс-медиа топтарға, аналитиктерге және көбінесе саясаткерлерге тән ескі таптаурын ойлау жүйесі әлі де еңсерілмегендіктен деп білемін.

Біріншіден, кейбіреулер біздің өңірдің нақты өзгергенін көріп отырған жоқ немесе көргісі келмейді.

Орталық Азия бүгінде «Тәңірдің мейірімі түспеген» шеткері немесе «иесіз жатқан жер емес», бүкіл Еуразияның және әлемнің қарқынмен дамып келе жатқан өзіндік жаңа аймағы.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы өзге мемлекеттер егемендігі мен лайықты дамуға деген өз қабілеттілігін дәлелдеді.

Екіншіден, Орталық Азия елдеріне олардың ұлттық мүдделерін есепке алмай отырып, сыртқы ықпал ету нысаны ретінде қарау – бұл, мүлдем геосаяси көзқарастың кемшіндігінің көрінісі.

Үшіншіден, Орталық Азия – бұл ұлы тарихы, лайықты бүгіні және болашаққа деген орасан перспективалары бар өркениетті халықтар қауымдастығы.

Біздің елдеріміздің ерекшелігі сонда, бұлар жай ғана жаңадан пайда болған мемлекеттер емес.

Бұл халқының сапасы түбегейлі өзгерген,  экономикасы қарқынды үлгімен дамыған,  мәдениеті жаңарған, жаңа ұлттық рухы мен мүмкіндіктері бар мүлде жаңа елдер. Олар жаһандық әлемнің ажырамас бөлігіне айналды және солай болып та қала береді.

Түрік пассионарлығының, славяндық жан дүние шынайылығының және еуропалық ұқыптылықтың үйлесімді бірлігі әлемге дамудың жоғары үлгісін көрсетеді, мен бұған сенімдімін.

Төртіншіден, XX және XXI ғасырлар межесіндегі өңірлік жағдай мен оның қазіргі сипаты арасындағы айырмашылықты көре білу қажет.

Орталық Азияда негізгі геосаяси векторлар негізінде жобаланған өңірлік қауіпсіздіктің көпдеңгейлі және көпжоспарлы жүйесі әрекет етеді.

Оның негізгі компоненттері – АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ – үйлестірілген, бұл бүкіл жүйеге тұтастық береді.

Олардың өңірлік ауқымдағы дағдарысқа жауап беру қабілеті жеткілікті деңгейде жоғары.

Мұны назарда ұстау керек.

Бесіншіден, мен халықаралық коалицияның Ауғанстандағы миссиясы өз мақсатына қол жеткізген жоқ дегендей байлам жасаған авторлар бағасына келіспеймін.

Қауіпсіздікке төнген тікелей қатер анағұрлым азайды және бейтараптандырылды.

Иә, Ауғанстанның ішкі мәселелерін ретке келтіру үдерісінде түйткілдер бар, бірақ мұнда да оң өзгерістер кездеседі.

Мен әлемдік қоғамдастық тарапынан қақтығыстан кейінгі әлем құрылысына және ауған экономикасын дамытуға бағытталған шаралар қабылдау маңызды екенін әрдайым айтып келемін.

Өкінішке қарай, Ауғанстанға халықаралық гуманитарлық және инвестициялық көмекті күшейтуге барынша күш салғанмен, бұл мәселедегі жетістік әзірге өте аз.

Қазақстан бұл мәселені тиімді шешу үшін жаңа халықаралық алаң ұйымдастыруда өз қызметін ұсынуға дайын.

Осы орайда мынадай проблемаға назар аударғым келеді.

Біз осымен үшінші жыл қатарынан әлем бұрын экономикасы мен әлеуметтік дамуы қарқынды болған бірқатар мемлекеттердің тұрақтылық аймағынан «шығып қалып» жатқанын байқап отырмыз.

Әңгіме Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің тұтас бір тобы жөнінде болып отыр.

Кейбір азиялық мемлекеттер үшін де тұрақсыздық қатерінің ауылы алыс емес.

Қайшылықтан соң қалпына келтіру қажет болып отырған елдер тізімі қазір ұзыншұбақ, ол уақыт өткен сайын ұзара түсуі де мүмкін.

Бұл жалпы жаһандық дамуға әсерін тигізбей қалмайды.

Жаһандық көмектің «созылмалы» реципиенттерінің болуы – әлемдік экономикалық жүйеге артылатын айтарлықтай жүк.

Бұл жаһандық дамуға ұзақ мерзім бойы тежеу болуы әбден мүмкін.

Сондықтан «геосаяси жеңіл ойлылықты» мен жаһандық салмақты экономикалық проблема деп санаймын, ол енді қазірдің өзінде адамзат үшін қымбатқа түскелі отыр.

Технологиялардың дамуы мен қымбаттауы жағдайында бұл жаһандық экономиканы тығырыққа тіреуі ықтимал.

Бұл жағдайда жаһандық экономикалық өсу мен орнықты дамудың бірінші шарты қатарында жаңашылдық пен жауапкершілікті ілгерілету өте дұрыс болып табылады.

Біріншіден, инновациялық көзқарас тек геоэкономикада ғана емес, сонымен бірге геосаясатта да қажет.

Екіншіден, жауапкершілік тек мемлекеттерге ғана емес, сондай-ақ, жаһандық экономикалық кеңістікті аймақтандыру трендін ескергенде, ғаламшардың әр өңіріне тән болуға тиіс.  

Қазақстан өңірлік даму мәселелеріне жауапкершілікпен қарайды.

Нақ сол себептен де біз Ресей Федерациясымен және Беларусь Республикасымен бірге Еуразия экономикалық одағын құру жөніндегі дайындық жұмыстарын жүргізудеміз.

Бүгінде әлемде еуразиялық интеграцияға «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінің әбден көмескі тартып, тозған линзасы арқылы қарайтын саясаткерлер мен сарапшылар бар.

Бірақ бұл ескі оптика шындықты бұрмалап көрсетеді.

Үш елдің өз тауарларының, қызметтерінің және жұмыс күшінің нарығын біріктіруге ұмтылысы бүкіл жаһандық экономиканың тек ұтысқа шығуына алып келеді.

Географиялық жағынан Еуропа мен Азияның, Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында орналасқан ауқымды өңір іскерлік белсенділік үшін ортақ, ақылға сыйымды және ашық ережелері бар біріктіруші кеңістік болады.  

Қауіпсіз әрі сенімді трансеуразиялық қысқа магистральдары бар тұрақты экономикалық ареал құрылатын болады.

Ақыр соңында болашақ Еуразия экономикалық одағына қатысушылар әлемнен оқшауланбай, барлығымен ынтымақтастықты белсене жалғастыратын болады.

Қазірдің өзінде бірқатар елдер Еуразия экономикалық одағына кіруге ықылас танытуда, сондықтан болашақта ол тек кеңейе береді.

Әрине, интеграция – қатып қалған бір сәттік процесс емес.

Еуразия одағының тәжірибесі көрсеткендей, онда өмірдің өзі әшкерелейтін түйткілді тұстар қазір де бар және бола береді.

Біз Еуропаның тәжірибесі мен қателіктерін мұқият зерттеу үстіндеміз.

Сондықтан БАҚ-тың міндеті – олар туралы батыл айту әрі барлық қырынан баға беру және соның негізінде шешімдер нұсқаларын ұсыну.

Осы тұста журналистерді еуразиялық интеграция процесін жариялап-көрсетуге шақырамын.

Жаһандық саясаттың белсенді субъектісінің бірі ретінде Орталық Азияның маңызы артып келеді.

Қазақстан, өздеріңіз білесіздер, қазіргі заманның аса күрделі проблемасының бірі жөніндегі келіссөздер өткізу орнына айналды.

Біздің Алматыда «5 қосу 1» форматындағы топтың отырыстары өтіп келеді, оларда Иранның ядролық бағдарламасы ахуалын реттеу жолдары іздестіріледі. 

Жалпы, сарапшылар және журналистер қауымын Орталық Азиядағы ахуал мен процестерге байыпты және шынайы баға беруге шақырамын.

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде болған таңғаларлық өзгерістерді ескерместен, өңірге «көнекөз» лампалы теледидардың бұлыңғыр проекциясы арқылы қарау әдетінен арылу керек.

 

Ханымдар мен мырзалар!

 

Біздің оптимизміміз «Қазақстан - 2050» стратегиясында көрініс тапқан.

Онда  алдымызға әлемнің ең дамыған 30 елінің біріне айналу жөнінде басты мақсат қойдық.

Бұл мақсатқа жетуді біз жаһандық экономикалық және саяси трендтермен етене үйлестіре, дербес міндеттеріміз бен мүмкіндіктерімізді әлемдік тәжірибемен және әлем дамуының үрдістерімен сабақтастыра отырып жоспарлаймыз.

Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» ұранымен өтетін Халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу орны ретінде Қазақстанның елордасы Астана таңдап алынды. 

Біз оған дайындыққа кірісіп те кеттік.

Барлық елдерді, іскерлік ортаны, бұқаралық ақпарат құралдарын ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстарына және өткізілуіне белсене қатысуға шақырамын.

Қазіргі кезде G-20 форматы аясында жаһандық экономикалық шешімдерді іздестіру ісін жандандыру маңызды.

Оған қатысу үшін Қазақстан да шақырылды.

Біз жаһандық дамудың қазіргі кезеңінің басты ерекшелігін әлемнің жаңа сапалық жағдайға көшуінен көріп отырмыз.  

Мен ХХІ ғасырдағы әлемнің жаңа құрылымының қалыптасуына негіз ретінде өзім ұсынған G-GLOBAL идеясын қалыптап шықтым.

Менің идеям – ең алдымен бүкіл жаһандық қоғамдастықты әлемдік экономика мен саясаттың барлық түйткілі жөніндегі ортақ диалогқа  шақыру.

Интернет желісінде G-GLOBAL коммуникативті алаңы табысты жұмыс жасайды, оған қазірдің өзінде бірнеше миллион пайдаланушы кірген.

Оның аясында көпполярлылық жағдайындағы әлем құрылысының G-GLOBAL идеясының мен ұсынған бес қағидаты талқылануда.

Оларды қысқаша санамалап өтейін.

Бұл:

біріншіден, эволюция және саясаттағы революциялық өзгерістерден бас тарту;

екіншіден, әділеттілік, теңдік, консенсус;

үшіншіден, жаһандық тағаттылық және сенім;

төртіншіден, жаһандық транспаренттілік;

бесіншіден, сындарлы көпполярлылық.

Осылардың негізінде ХХI ғасырда кез келген жаһандық проблема бойынша табысты диалог және барша қатысушылар қабылдай алатын шешімдер шығару мүмкін болады.

G-GLOBAL идеясының басты мән-маңызы – әлем дамуының жаһандық парадигмалары ауысуының бейберекет қарқынына оң сипаттағы балама ұсыну.

Біздің бірегей әлем сындарлы көпполярлылық жағдайында өмір сүруге лайықты екеніне мен сенімдімін.

Бір айдан соң, биылғы мамырда өтетін кезекті Астана экономикалық форумында БҰҰ-ның Дағдарысқа қарсы жаһандық жоспарының негізгі бағыттарын талқылау көзделіп отыр.

Сонымен бірге мен Астанаға пікірталасты жалғастыру және әлем күтіп отырған бағалы ұсыныстар әзірлеу үшін саясаткерлерді, бизнесмендерді, сарапшыларды, журналистерді шақырамын.  

 

Қымбатты достар!

 

Еуразия медиа-форумы өңірлік жетекші үнқатысу алаңының біріне айналды.

Жаһандану жағдайында Еуразияның өзекті мәселелерін кеңінен талқылаудың маңыздылығы мен нәтижелілігі әлемде жалпы артып келеді.

ХХI ғасырдағы диалог – жаһанданудың бірқатар сарапшылар мегадипломатия деп атаған жаңа құбылысының маңызды тәсілі.

Мен барша қатысушылардың пікірталасы жемісті болуына және талқыланатын барлық мәселе бойынша пайдалы ұсыныстардың айтылуына тілектеспін.

Назарларыңызға рахмет.

 

Астана қаласы, 25 сәуір 2013 ж.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің