National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Сөйлеген сөздер


Нұрсұлтан Назарбаевтың алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі

2018 жылғы 01 қыркүйек

 

Құрметті депутаттар!

Құрметті Үкімет мүшелері!

Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабына сәйкес VI шақырылымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашық деп жариялаймын.

Құрметті депутаттар!

Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын!

Сіздер жазда өңірлерді аралап, елдің тыныс-тіршілігімен жете таныстыңыздар. Халықты не толғандыратынын, қандай мәселелер бар екенін көзбен көріп, біліп келдіңіздер. Ол барша қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы қызметтеріңізге қажет. Кезек күттірмей қолға алынуға тиіс маңызды жұмыстар жеткілікті. 

Қос палатаның бірлескен отырысында басымдықтарды айқындап, бірден іске кірісуіміз керек. Стратегиялық нысана белгілі. 2050 жылға дейін озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу – біздің айнымас межеміз. Осы жолда дәйекті саясат пен кешенді шаралар жүргізіп, мақсатты түрде алға басып келеміз.

Мен Бес әлеуметтік бастамамды жария еттім. Парламент пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеп, оны жүзеге асыруға қажетті барлық заңнамалық алғышарттарды жасады.

«7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша алғашқы несиелер беріле бастады.    

Қосымша 20 мың білім гранты бөлінді.

70 мың орындық жатақхана құрылысына дайындық аяқталды.

Жаңа жылдан бастап жалақысы төмен азаматтардың табыс салығы 10 есе азаяды.

Жеке іс бастауға берілетін шағын несие көлемі 62 миллиард теңгеге көбейді.

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысына дайындық жұмыстары аяқталып қалды.

Осылайша, мен жариялаған әлеуметтік жаңғыруды іске асырудың негізі қаланды.

Құрметті депутаттар!

Сіздерді Парламенттің жаңа сессиясының ашылуымен құттықтаймын!

Депутаттық каникул кезінде сіздер өңірлерде болып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелермен тереңірек таныстыңыздар.

Алтыншы шақырылымдағы депутаттық корпус жоғары кәсібилік және Үкіметпен өзара үйлесімді ықпалдастық танытты.

Үшінші сессияның қорытындысы бойынша Парламент 87 заң қабылдады.  Сол заңдарды талқылауға сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Осы жылдар ішінде біз дәйекті реформалар жүргізу арқылы биліктің барлық тармақтарының өзара іс-қимылын теңдестіре отырып, мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырып келеміз.

Экономика мен қоғамның тиімді жаңғыруына қажетті жағдайлар жасалуда.

Біз былтырдан бастап экономиканың әлемдегі орташа даму қарқынынан оза бастадық. Ішкі жалпы өнім 4 пайызға артты, инфляция 5,9 пайызға дейін төмендеді, инвестиция көлемі 24 пайызға өсті.

Өңдеу өнеркәсібі, көлік және қызмет көрсету салалары сияқты шикізаттық емес секторлар экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналды.  

Осындай жағдайларда мен жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманы» сапалы жүзеге асыру маңызды.

Қысқа мерзім ішінде Парламент пен Үкімет тарапынан қажетті нормативтік құқықтық база толық қалыптастырылды. Бұл 6 миллионнан астам қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Осылайша өсіп-өркендеуіміздің шешуші шарты болып табылатын біздің азаматтарымыздың бірлігі нығая түседі.

Әрі қарай дәйекті әлеуметтік-экономикалық дамуымыз үшін сапалы заң шығару жұмысын жалғастыру қажет.

Бірінші. Маңызды мәселелердің бірі – өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту. Табыстарынан ешқандай аударым жасамайтын және соған сәйкес зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік қолдау шараларымен толыққанды қамтылмаған халықтың бір бөлігі бар. Осыған байланысты қажетті заңнамалық өзгерістер әзірленді.

Өзін өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеуді оңайлату үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу ұсынылып отыр. Оны төлеу арқылы өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткендер медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелеріне, сондай-ақ зейнетақымен қамтамасыз ету ісіне қатыса алады.

Тиісті өзгерістерді осы жылдың соңына дейін қабылдау қажет. Бұл – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшуімізге байланысты аса өзекті мәселе.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелерімен қатар, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу, қоғамдық денсаулық сақтау, медицина ұйымдарында корпоративтік басқару жүйелерін жетілдіру және тағы да басқа мәселелер қарастырылған заң жобасы әзірленді.

Бұл құжат қазір Парламентте. Оны ұзаққа созбай қарауды өтінемін.

Екінші. Тұрғын үй қатынасы саласы әр адамның мүддесімен тікелей байланысты. Құрылыс қарқынды дамып жатқан тұста тұрғын үй-шаруашылық қатынастары саласында шешілмеген мәселелер бар. Бұл азаматтар тарапынан наразылық тудыруда.

Қызмет көрсетуші компаниялар мен тұрғын үй иелері арасындағы өзара қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз ету, олардың қаржыны қайда жұмсап жатқанын бақылау талап етіледі. Жалпы үй шаруашылығын басқарудың түсінікті де тиімді жүйесін қалыптастыру қажет.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет биыл Парламентке енгізетін тиісті заң жобасы әзірленді.

Үшінші. Табиғи монополия саласында инфрақұрылымды жаңарту және көрсетілетін қызмет сапасын арттыру жөніндегі міндеттер тұр.

Парламентте «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы бар. Ол монополистердің өз қызметтерінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруын, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуын ынталандыруға бағытталған.

Төртінші. Қуатты экономиканың негізі – бұл, бірінші кезекте, шағын және орта бизнес. Оның экономикадағы үлесін 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу – стратегиялық мақсат.

Бүгінде бұл сегментте 1 миллионнан астам субъект жұмыс істейді және елдің белсенді халқының 30 проценттен астамы қамтылған. Болашақта шағын және орта бизнес экономикада басты жұмыс беруші болуға тиіс.

Биыл мамыр айында мен кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған кең ауқымды түзетулері бар құжатқа жария түрде қол қойдым.

Алға ілгерілей беру қажет.

Бизнес ортаны әрі қарай дамыту үшін Үкімет тарапынан заңнамалық өзгерістердің жаңа топтамасы енгізілетін болады.

Кәсіпкерлікті дамытуға туризм саласы зор серпін бере алады. Үкіметке 2023 жылға дейінгі туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Ол қаржылай және қажетті заңнамалық базамен бекітілуі тиіс.

Туристік қызмет мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістерді осы жылдың соңына дейін қарастыру қажет.

Бұған қоса, Парламентте мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері бойынша маңызды заң жобасы жатыр. Ол сатып алулар үдерістерін оңайлатуға, екінші жағынан – олардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң жобасын қабылдау жемқорлық жасау мүмкіндігін азайтып, қаржыны басым міндеттерді жүзеге асыру үшін бағыттауға және бизнес ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.

Парламентке, сондай-ақ, экономикалық қызмет саласына қатысты қылмыстық заңнаманы әрі қарай ізгілендіру мәселесін қарастыру қажет. Бұл арада ынталандыру мен жазалау арасындағы тиімді тепе-теңдікті тапқан жөн.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама тұрақты болуға тиіс, оның үстіне, құқық бұзушылық сипатына қарай жауапкершіліктің сай келушілік қағидатын бұлжытпай сақтау қажет. Биыл Үкімет аталған міндеттерді шешуге бағытталған заң жобасын енгізетін болады.

Бесінші. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы заңнаманы әрі қарай жетілдіру қажет. Бұл сақтандыру, аграрлық қолхаттарды енгізу, кредиттік серіктестіктерді дамыту, сондай-ақ ветеринария саласында бақылау жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты.

Тиісті заңнамалық түзетулер топтамасы Парламентте жатыр. Оны осы жылдың соңына дейін қарастыруды өтінемін.

Алтыншы. Біз қоғамдық сананы жаңғыртудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі кешенді жұмыстарды жалғастырып келеміз. Оның аса маңызды міндеттерінің бірі – тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен танытуды қамтамасыз ету.

Осыған орай, тиісті заң жобасы Парламенттің қарауында. Оның қабылдануы озық әлемдік тәжірибеге сәйкес тарихи және киелі нысандарды тиімді дамыту мен қорғауға ықпал ететін болады.

Жетінші. Биыл маусым айында Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, Түркістан облысы құрылды. Киелі Түркістан қаласында жаңа облыс орталығының құрылуы осы өлкенің дербес әкімшілік орталық ретіндегі тарихи маңызын қайта жаңғыртудың символы саналады.

Облыс орталығының Түркістанға көшірілуі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да аса маңызды. Ол – еліміздегі ең киелі жерлердің бірі.

Тарлан тарихымызда талай тағдырлы шешімдер осында қабылданған. Есімдері ел тарихына мәңгі жазылған біртуар тұлғаларымыз осында жай тапқан.

Халық тығыз қоныстанған тұтас оңтүстік өңірдің дамуы жаңа облыс орталығының жұмысын тиімді ұйымдастыруға байланысты. 

Сонымен бірге, республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген Шымкенттің тыныс-тіршілігі де назарда болуға тиіс.

Таяу уақытта Парламенттің қарауына қайта құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктердің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заң жобалары енгізілетін болады. Олар жедел қарастырылып, қабылдануға тиіс.

Құрметті депутаттар!

Бүгін мен атап өткен жұмыстардың барлығының түпкі межесі – елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартып, әрі қарай дами түсу. Осы мақсатқа жетуіміз экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани бірлігіміздің мызғымауына тікелей байланысты.

Бұл орайда халық қалаулыларына да зор жауапкершілік жүктеледі. Елдің үдесінен шығып, Қазақстанды тұрақты және қарқынды дамыту жолында жемісті жұмыс істеңіздер.

Бәріңізді кезекті парламенттік сессияның ашылуымен тағы да құттықтай отырып, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Іске сәт!


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің