National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқын жаңа жылмен құттықтауы.31.01.2004ж.


 

Құрметті отандастар!  

Ардақты ағайын!

 
Міне, енді санаулы минуттардан кейін еліміз тағы бір жылды артқа тастап, келесі 2005 жылға аяқ басқалы отыр. Біз қашанда өткенге салауат айтып, жарқын болашақтан жақсы үміт күткен халықпыз.  
Өткен жылға өкпеміз жоқ. Өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстан жүрісінен жаңылмай, аршындап алға басты. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болды. Халықтың әл-ауқаты өсіп, мемлекетіміздің абыройы асқақтады. «Басты байлық – денсаулық» деген бабалар аманатын басшылыққа алып, денсаулық сақтау саласындағы реформалар тереңдетілді. Ана мен баланың денсаулығын қорғау, жаны сұлу, дені сау ұрпақ тәрбиелеу ісіне зор мән беріліп, осы салаға арналған кешенді мемлекеттік бағдарлама жүзеге аса бастады.  
«Армансыз туған асыл ер ұрпақтың қамын ойлайды» деп абыз ақындарымыз айтқандай, ұрпағымыздың әрдайым өз қатарының алды болып, өнер, ғылым бәйгесінде маңдайы жарқырап келуі үшін білім беру саласындағы реформаларға ерекше мән берілді. Астанадан бастап, еліміздің облыстары мен аудандарында жаңа білім ордалары – мектептер салынып, олар жаппай компьютерлене бастады.  
Халқымыз құтты мекен үйін «қарашаңырақ» деп қадірлеп, баспана мәселесіне басты маңыз берген. Біз осыны ескеріп, тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешуге де кірістік. Тек биылғы жылдың өзінде үй салу 30 пайызға өсті. Бұл 30 мыңнан астам отбасы қуанышқа кенелді деген сөз. Биылғы жылдан бастап Қазақстанның әр шаһарында заман келбетіне сай әсем ғимараттар бой көтеріп, оларды алудың оңтайлы жолдары белгіленді.  
Жаңа ғасырдың алғашқы жылынан бастап ерекше қарқынмен дами бастаған ел экономикасы биыл да табысты болды.Елімізде жаңа өндіріс орындары іске қосылып, елу мыңнан астам адам жұмыс орнын тапты. Ұзындығы 1 000 шақырымдық «Атасу – Алашаңқай» мұнай құбырын салу басталды. Болат жолдың бойындағы еңбек көрігі қыза түсті. Ұзындығы 400 шақырымдық Алтынсарин – Хромтау темір жол желісі аяқталып, еліміздің солтүстігі батыс өлкемізбен жалғасты.  
Ақтау порты Каспийдегі іргелі теңіз портына айналды. Келесі жылы теңіз төсінде сыйымдылығы 900 мың тонналық Қазақстанның тұңғыш үш алып танкері еліміздің қара алтынын тасымалдайтын болады. Оның бірі биыл сынақтан өте бастады.Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ газ кенішін игеру кешенді қалыпқа түсті. Қарағандыда көмір, Қостанайда тау-кен, Ақтөбеде хром, Оңтүстікте мақта, Өскеменде түсті металл өндіру ісі артып, республика өнеркәсібі серпінді даму жолына түсті.  
Қазақтың кең даласы қайтадан алтын астық алқабына айналып, әйгілі Қазақстан миллиардын алу үйреншікті дәстүрге айналды.        Осының бәрі татулықты ту етіп, ынтымағы жарасқан сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасы.  Ең бастысы көп ұлтты Қазақстанның іргесі берік, іші аман. Ұлтаралық, дінаралық келісім берік орын алған еліміз бейбітшілік пен тыныштық аймағына айналды.  
Екі мың ғасырдан астам бай тарихы бар ұлттық мәдениетіміз ұлықталып, ұзақ мерзімге арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды.                                                            

Қымбатты бауырларым!


Үлкен-кішіге бірдей айтылатын осы сөз арқылы ақ ниетпен өткен жылды шығарып салып, ақ тілекпен жаңа жылды қарсы алуға ақ дастарқан басына жиналған ағайынның әрқайсына – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа – бақыт пен шаттық тілеймін.