Жиында Қазақстан азаматтығын беру мәселелері қаралды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін елімізге таяу және алыс шетелдерден келген түрлі этностың 640 өкілі Қазақстан азаматы атанады. Мемлекеттік хатшы тәуелсіздік алған сәттен бері Қазақстан азаматы болуға ниет білдірген адамдар санының жылдан жылға көбейіп келе жатқанын атап өтті. Осы кезең ішінде еліміздің халықаралық беделі өсті. Бұл – Қазақстан Президентінің басшылығымен қол жеткізілген әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың, этносаралық келісімнің, орнықты дамудың жемісі. Мемлекеттік хатшы Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында еліміздің азаматтары жаңа қазақстандықтарды ерекше ықыласпен қарсы алатынын айтып, оларға бақытты өмір және Қазақстанның игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі. Гүлшара Әбдіқалықова олардың Қазақстан Республикасының лайықты азаматтары болып, егемен еліміздің одан әрі дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосатынына сенім білдірді. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.