National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

2016 жылғы 28 қараша

Мемлекеттік хатшыға рәсім барысында Буркина-Фасоның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Антуан Сомда, Ұлы Люксембург Герцогтігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Жан-Клод Кнебелер, Жаңа Зеландияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Ян Хилл, Черногорияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Игорь Йовович, Исландия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Сигридур Берглинд Асгейрсдоттир, Молдова Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Думитру Брагиш, Парагвай Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Рамон Антеро Диас Перейра, Руанда Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Уильямс Нкурунзиза, Судан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы Надир Юсеф Аль-Тайеб сенім грамоталарын тапсырды.

Г.Әбдіқалықова аталған рәсім республика тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті. Мемлекеттік хатшы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың қызметі елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін арттыруға ықпал ететіндігіне сенім білдірді.

Мемлекеттік хатшы Буркина-Фасоның Төтенше және өкілетті елшісіне оның елінің Ислам ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жарғысына қосылғандығы үшін ризашылығын білдірді.

Г.Әбдіқалықова «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға Люксембург компанияларының атсалысуын құптайтынын жеткізді.

Мемлекеттік хатшы агроөнеркәсіп саласындағы, атап айтқанда, инновациялық технологияларды трансферлеу және Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін жете өңдеу саласында Жаңа Зеландиямен ынтымақтастық орнатуға еліміздің мүдделі екенін атап өтті.

Г.Әбдіқалықова Черногория Қазақстанның Балқан өңіріндегі перспективалық серіктестерінің бірі екеніне және туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға біздің ел мүдделілік танытып отырғанына назар аударды.

Мемлекеттік хатшы геотермалды энергетиканы пайдаланудағы Исландияның көшбасшылығын ескеріп, «жасыл экономика» саласындағы ынтымақтастықты дамытуға Қазақстанның айрықша қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Г.Әбдіқалықова агроөнеркәсіп саласы Молдова Республикасымен екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып саналатынын атап өтті.

– Біз Қазақстан астығын Молдоваға жеткізуге және мал шаруашылығы өнімін экспорттауға дайынбыз, – деді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова Парагвайдың электр қуатына деген қажеттілігінің шамамен 90%-ын жаңартылатын қуат көздері есебінен қамтамасыз етіп отырғанына назар аударып, бұл елдің «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы баламалы энергетика саласында әлемдегі үздік жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретініне назар аударды.

Мемлекеттік хатшы Руанда елшісін Африкалық одақтың биылғы саммитінің табысты өтуімен құттықтады.

Судан елшісімен әңгімелесу кезінде Г.Әбдіқалықова аталған ел «Ислам инфрақұрылымдық интеграциясы» жобасын іске асыру барысында бізге қолдау көрсетеді деген үмітін жеткізді.

Шет мемлекеттердің елшілері кең ауқымды мәселелерге қатысты байланыстар аясын кеңейтуге деген зор мүдделіліктің бар екенін білдірді.

Соңында Мемлекеттік хатшы шет мемлекеттердің елшілерін Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жұмысына қатысуға шақырды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің