Қазақстан Президенті Иордания Королі ІІ Абдалламен екіжақты кездесулер жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.
– Сіз дипломатиялық қарым-қатынастарымыздың 25 жылдығы қарсаңында келіп отырсыз. Осы жылдар ішінде біз сенімді әрі достық ынтымақтастық орнаттық. Біз халықаралық ұйымдар аясында бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Иордания Қазақстанның жаһандық аренадағы бастамаларын қолдап отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қорғаныс салалары сияқты экономиканың түрлі секторындағы өзара іс-қимылдың нығайып келе жатқанын айтты.
Қазақстан Президенті Иорданияның және оның Королі ІІ Абдалланың Таяу Шығыста бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатудағы рөлін ерекше атап өтті.
– Сіз әкеңіз Хусейннің рөлін жалғастырып, бейбітшілік елшісіне айналып отырсыз. Қазақстан да өз өңірінде осындай рөлді атқаруға тырысуда. Біз – ядролық қаруға қарсы қозғалыс көшбасшыларының біріміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Иордания Королінің бітімгершілік қызметін жоғары бағалап, оған «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» халықаралық сыйлығын табыс етті.
– Бұл – Сіздің еңбегіңізге берілген баға. Сонымен қатар, Сіз қақтығыстар жағдайында халықтарды жақындататын бітімгерлік рөлді жалғастырады деп сенеміз. Сіздің еліңіз Астана процесіне белсенді түрде қатысып келеді. Иордания бір миллионнан астам сириялық босқынды қабылдады, сіздер Сирияға қаржылық және гуманитарлық көмек көрсетіп отырсыздар. Бүкіл әлем осыны бағалауға тиіс деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Иордания Королі ІІ Абдалла Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғанына алғыс айтып, табысталған марапат үшін ризашылық білдірді.
ІІ Абдалла екі ел арасындағы қарым-қатынастың сенімге негізделгенін айрықша атап өтіп, Қазақстан Президентінің халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудегі маңызды рөліне тоқталды.
– Біз Сіздің әлемді одан әрі жақсарту және қауіпсіз ету мақсатындағы рөліңізді өте жоғары бағалаймыз. Сіздің көшбасшылығыңыз баршамыз үшін аса маңызды, – деді Иордания Королі.
Соңында Иордания Королі ІІ Абдалла өз халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа бітімгершілік қызметі мен көрсетіп отырған қолдауы үшін ризашылық білдірді.