National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

2013 жылғы 11 қазан

 

Отырыста биылғы 9 айдағы Үкіметтің жұмыс қорытындылары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Осы мәселелер бойынша Премьер-Министр С.Ахметов, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев, сонымен қатар Алматы қаласының әкімі А.Есімов, Павлодар облысының әкімі Е.Арын және Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов баяндама жасады.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Үкімет қызметінің басым бағыттары мен оның алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталып өтті, сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысына бағасын бере келіп, бірқатар кемшіліктер мен әлеуметтік-экономикалық процестерді басқарудағы олқылықтарды көрсетіп берді.

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық конъюнктураның нашарлауы жағдайында Үкімет бюджет саясатына түзету енгізгені жөн екенін атап өтті. Мемлекеттік бюджеттің жоспарлану және орындалу сапасын арттыру қажет. Атап айтқанда, үш жылдық бюджет жобасы әкімдермен тиісті деңгейде келісілмеген, бұл бюджеттік бағдарламалардың теңгерімсізсіздігіне әкеліп соғуы мүмкін.

Бюджет қаражатын толық және сапалы игеру – маңызды міндет. Алдын-ала болжамға сәйкес, игерілмеген шығыстар көлемі 150 миллиард теңге шамасында болып отыр. Қазақстан Президенті бұл қаражат «тесікті» бітеуге емес, кідіртуге болмайтын қажеттіліктерге ғана пайдалануға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы игерілмеген қаражатты бюджет тапшылығын қысқартуға немесе Ұлттық қорға бағыттауды тапсырды.

Бұған қоса, бюджеттік жобалардың қымбаттауы тәрізді бұрыннан келе жатқан проблеманы шешкен жөн. Жобалық құн көлемінің ұлғайтылуы 2012 жылы 40 миллиард теңгеге, ал биыл 60 миллиард теңгеге жеткен. Мемлекет басшысының пікірінше, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу мен қарау төңірегінде күмәнді бизнес саласы қалыптастырылған.

– Тендерде мердігерді таңдау кезеңінде төрешілдік пен ысырапшылдық басталады. Міне, құрылыс бағасы өсуінің, инфляцияның шарықтап кетуінің себебі осында, – деді Қазақстан Президенті.

Көбінесе біркелкі нысандар әртүрлі баға бойынша салынуда. Отырыста атап өтілгендей, Ақмола облысында 1200 орындық мектептің құны 900 орындық мектепке қарағанда 219 млн. теңгеге арзан бағаға салынған. Ақтөбе қаласында бір жылда бірдей мектептер құрылысы құнының айырмашылығы 130 млн. теңге болған, ал Атырау облысындағы бірдей емханалар құрылысына жұмсалған шығын құнының айырмашылығы 400 миллион теңгеден асқан.

– Бақылаушы органдар мұндайға қалай жол береді? Мен қаншама рет тек типтік мектептер мен ауруханалар салуға тапсырма бердім, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алу барысында оның бағасына тиісті бақылаудың жоқ екеніне назар аударды.

Сондай-ақ, құрылыс саласында жаңа технологияларды енгізу арқылы күрделі шығындарды азайту және сапаны арттыру жұмысы нашар жүргізіліп жатқаны айтылды. Нәтижесінде жаңадан салынған автомобиль жолдарын пайдалануға берген бір жылдан кейін қайта жөндеу керек болады. Атап өтілгендей, әлемдік рейтингте жол сапасы жөнінен Қазақстан 140 елдің ішінде 117-орында тұр.

Бюджеттің сапасыз орындалуы көбінесе рұқсат беру және келісу процедураларының көптігіне байланысты, бұл да экономиканың дамуын тежейді. Үкіметке осы мәселелерді қатаң бақылауда ұстауға тапсырма берілді. 

Бюджеттік бағдарламалардың орындалмауының және олардың тиімсіздігінің негізгі себебі мемлекеттік сатып алу жүйесі болып саналады. Көбінесе мемлекеттік органдар тендерлерде «бөгде» жеткізушілердің қатысуына мүмкіндік бермейтін шарттар белгілейді. 

Бұған қоса мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздерін өздері  жауапкершіліктен босатып, сатып алуға қатысты шешім қабылдаудан сырт  қалады. Осыған орай Мемлекет басшысы әкімдер мен орталық мемлекеттік органдардың басшыларына тендерлік комиссияларды өздері басқарып, олардың ауқымды көлемдегі мемлекет қаражатын шығындауға байланысты жұмыстары үшін толықтай жауапкершілік алуын тапсырды.  Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізуді тездеткен жөн.

Барлық конкурстар мен аукциондарды біртипті және күрделі шығындар бойынша орталықтандыру тапсырылды. Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік салып алу жөніндегі мамандар штаты ортақ ұйымдастырушыға берілуі тиіс. Жергілікті бюджеттер үшін сатып алуды ұйымдастыратын мұндай құрылымдар өңірлер деңгейінде де құрылатын болады.

Отырыста қаралған мәселелердің келесі бөлігі мемлекеттік қорғауды және кәсіпкерлікті қолдауды күшейту болды. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Сонымен бірге оны жүзеге асыруға қатысты шағымдар да көбейіп отыр.

Мәселен, 43 аудан және облыстық маңызы бар қалалар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау жұмыстарын жүргізіп отырған жоқ. Бұл қызмет түрі Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында баяу жүруде. Ақмола, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан  облыстарында кәсіпкерлерге бірде-бір грант берілмеген. 10 ауданда және облыстық маңызы бар қалаларда жаңа бастаушы кәсіпкерлерге бірде-бір шағын несие берілмеген.

Мемлекет басшысы аталған облыс әкімдерінің әрқайсысына осы мәселе бойынша есеп беріп, нәтижесін БАҚ-та жариялауды тапсырды.

Сонымен қатар, бірқатар өңірлер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражаттың тапшылығына кезігіп отырғаны айтылды. Өңірлік комиссиялар мақұлдаған 155 жоба бойынша тапшылық 1,5 миллиард теңгені құрайды. Қазақстан Президенті осы қаражаттарды бөлуге пәрмен берді.

Мемлекет басшысы мемлекет-жекеменшік серіктестік сияқты тәсілдің тиімділігі төмен екендігіне назар аударды. Атап айтқанда, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары 2008 жылдан бері сараптамаға бірде бір концессиялық ұсыныс жасамаған. Даму институттары, банктер, зейнетақы қорлары, сақтандыру компаниялары мемлекет-жекеменшік серіктестігі жобаларына белсене қатыспайды.

Нұрсұлтан Назарбаев бизнесті дамыту үшін маңызды ынталандыру және бюджетті  толтырудың көзі жекешелендірудің жаңа толқыны болуы тиістігін атап өтті. Қазіргі кезде мемлекеттік үлесі бар ұйымдар саны 6 мыңнан асып, көбейіп келеді, ал штат саны миллион адамға жақындап қалды. Сөйте тұра, мемлекеттің қатысы бар ұйымдардың тек 4 пайызын ғана жекешелендіру туралы ұсыныс енгізілді.

– Әрбір ведомство мен «Самұрық-Қазына» және «ҚазАгро» компанияларының жекешелендіру нысандарын комиссиялық түрде анықтап, осы жұмысты ашық жүргізу қажет. Біз шағын және орта кәсіпкерліктің мыңдаған жаңа субьектілерін құра аламыз, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев статистика елдегі шағын және орта бизнес өсімін көрсететінін атап өтті. Жеке кәсіпкерлердің саны ек жылда 21 пайызға өскенімен, олардан салық түсімдері 11 пайызға ғана ұлғайған. 

Тексерулер кезіндегі заң бұзушылықтар бұрынғыша сақталып отыр. Бизнесті қорғаудың Президенттік сайтына өткен жылғы 9 айда – 870, ал биыл  940 шағым түсіп үлгерді. Биылғы 7 айдың өзінде прокуратура органдары 2 мыңнан астам негізсіз тексерулерді анықтады. Мемлекет басшысы Бас прокуратураға тексеру шараларын қысқарту бойынша ұсыныс әзірлеуді, сондай-ақ заңсыз тексеру бастамашыларын жазалауды тапсырды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету жұмыстары созылып бара жатқанына назар аударды. Атап айтқанда, алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізу 2015 жылға ысырылды. Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет басшысына осы мәселені шешуді және «көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету жұмыстарының барысы жайлы тұрақты баяндап отыруды тапсырды.

Отырыста талқыланған үшінші маңызды бағыт өңірлік даму міндеттері аясында индустриялық саясаттың тиімділігін қамтамасыз ету болды.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың бірінші «бесжылдығы» оң нәтиже бергенін атап өтті. Құны 2,1 трлн. теңгелік 563 нысан пайдалануға беріліп, 2,2 трлн. теңгенің өнімдері өндірілді. 70 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

– Біз дағдарыстың ең қиын кезінде осындай бағдарламаны бірінші болып қабылдадық. Бізден кейін инновациялық бағдарламаларды АҚШ, Жапония, Түркия және өзге де көптеген елдер іске қосты. Бәрі мұндай шараның қажеттігін сезінді, сондықтан біз «нүктеге» дәл түстік. Екінші «бесжылдық» бағдарламасын сапалы әзірлеп, бұл бағыттағы инвестицияның қарқынын азайтып алмау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Сонымен бірге нақты секторды, соның ішінде институттық секторды қолдау тетіктерін жетілдіру керек. Мысалы, биыл құрылған Өңірлік даму министрлігі өкілеттігі мен қаражатының ара-жігі нақты болмағандықтан өз міндетін толық көлемде жүзеге асырмағаны, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен арада міндеттерді бөлісуде түсініспеушілік туындағаны атап өтілді.

– Бізде кәсіпкерлерге қолдау көрсетуден гөрі оларды бақылау функциялары көп, – деді Мемлекет басшысы. Ол санэпидстанса қызметінде 12 мың қызметкер, ал Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде 200 мемлекеттік қызметші жұмыс істейтінін атап өтті.

Қазақстан Президенті мемлекеттік қолдауды қажет ететін жобаларға талдау жасау барысындағы олқылықтарға, соның салдарынан бірқатар жаңа кәсіпорындарда өнімдерін өткізу, шикізат жеткізу, кадрлармен қамтамасыз ету сияқты проблемалар бар екеніне назар аударды. Мысалы, Қарағандыда «Фермер» ұшағын құрастыратын зауыт бар болғаны 1 аэроплан шығарған, ал мақта шикізатының жеткізілмеуі салдарынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма фабрикасының жұмысы отандық мақта экспортқа шығарылып жатқанда тоқтап тұр.

Өндіріс қуатын ұтымды орналастыру талаптары сақталмай отыр. Мысалы, Астанада электровоздар шығаратын зауыттың және Павлодарда жүк вагондары мен жартылай вагондар шығаратын зауыттың ашылғанына қарамастан, Қарағандыда тағы бір балама кәсіпорын салу жоспарлануда.

Әр өңірде тиісті нәтиже бермейтін арнайы экономикалық аймақтар құрылуда. Мысалы, Атыраудағы АЭА базасында барлығы 3 жоба іске асырылған, ал Алматы облысы мен Павлодар облысында бірде-бір жоба жүзеге асырылмаған. Осы орайда Мемлекет басшысы Премьер-Министрге АЭА-тарға талдау жасап, жұмыс істемей тұрғандарын қысқартуды тапсырды.

Бұған қоса, инновацияны енгізу жұмыстарының тиімділігі жеткіліксіз дәрежеде жүргізілуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың осы уақытқа дейінгі барлық кезеңінде тек бір ғана жоба бойынша астық тасымалдауға арналған жабық вагон-хоппер өндірісі үшін «ЗИКСТО» АҚ-ға берілген құны 100 миллион теңге болатын инновациялық грант ұсынылған.

Жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет те жандандыруды қажет етеді. Елімізде барланған қорлардың жеткілікті өсімі қамтамасыз етілмейтіні, жұмыс істемейтін кеніштер бойынша ахуал сол күйінде екені атап өтілді. Биыл жер қойнауын пайдалану құқығын беруге бірде-бір конкурс өткізілмеген, халықаралық инвестицияларды тартуға ешқандай келісімшарт жасалмаған. Атап айтқанда, «Рио-Тинто» сияқты ірі инвестордың ұсынысы бойынша әлі шешім қабылданған жоқ.

Энергетика саласында Мемлекет басшысы елдің оңтүстігіндегі энергия тапшылығын төмендету қажеттігіне айрықша назар аударып, соған байланысты Үкіметке Балқаш ЖЭС-ның құрылысы мен инфрақұрылымын бақылауға алуды тапсырды.

Екібастұздағы ГРЭС-2 үшін әлі алынбаған қазандық агрегатының құны 760 миллион доллардан 1,2 миллиард долларға дейін көтерілуі мәселесі де қозғалды. Бұл материалдарды тексеру Бас прокуратураға тапсырылды.

Қазақстан Президенті «жасыл экономика» туралы айтпас бұрын энергия үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін атап көрсетті. Қазақстанда жылу желілеріндегі шығын 22,1 пайыз, ал Еуроодақта орташа 10 пайызды құрайды. Қазақстандық электр желілерінде шығын 14 пайыз болса, Қытай, Корея, Жапонияда ол небәрі 5 пайыз.

Мемлекеттік органдар тарапынан энергия үнемдеу мен энергия есептеу мәселелеріне жеткіліксіз деңгейде көңіл бөлінеді. Мәселен, жалпы үйдің жылу есептегіштерімен қамтамасыз ету Қарағанды облысында 25,8 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 16 пайызды ғана құрайды. Тұрғындар арасында электр энергиясын, жылу мен газды үнемдеу жөнінде пәрменді насихат жүргізілмейді.

Аграрлық сектор секілді стратегиялық сала мәселелері бөлек қаралды.

Мемлекет басшысы ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылғанын еске салды. Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға 120 миллиард теңге бөлінген. Сөйте тұра, биылғы жылдың 7 айында Кеден одағынан сыртқа шығарылатын ет экспорты нөлге теңескен. Мұның орнына Қазақстан етті сырттан, соның ішінде Беларусьтан импорттауда.

Шұжық өнімдерінің экспорты да 2013 жылы нөлдік деңгейге түсіп, кәсіпорындардың жүктемесі 28 пайыз ғана болған. Осындай жағдай сүт, қант және майға қатысты да байқалады.

Қазақстан Президенті қаражат жетіспеушілігі жағдайында да азық- түліктің тұрақтандырушы қорларын қаржыландыру жалғастырылғанын атап өтті. Бұл орайда іс жүзінде 5 миллиард теңге немесе бөлінген қаражаттың 40 пайызы депозиттерде жатыр және пайдаланылмай отыр. Бұған қоса, тұрақтандырушы қорлардың жұмысына қарамастан, әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімдердің бағасы едәуір өскен.

Мемлекеттің қолдауына сүйеніп отырған агроөнеркәсіп кешеніндегі көптеген жобалардан тиісінше қайтарым жоқ. «ҚазАгроҚаржы»  былтыр 66 жобаны, ал биыл, қаржыландыру көлемі ұлғайса да, небәрі 16 жобаны іске асырды.

– Маған «ҚазАгроның» халықаралық нарықтарда жақсы мөлшерлеме үшін 1 миллиард доллар тартқаны жөнінде хабарлады. Ал ол ақшаға нақты жобалар бар ма, жақсы несие тарихы мен кепілдіктерге ие борышкер бар ма? – деп сауал қойды Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы пайдаланылмаған жерлерді ревизиялау және оларды айналысқа түсіру тетіктерін әзірлеу жұмыстарының салғырт жүргізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеудің қисындылығына күмән келтірді, өйткені, осындай құжат 2004-2010 жылдары-ақ жүзеге асырылған болатын.

– Алдымен бұрынғы бағдарламада қарастырылғанды аяғына жеткізіңдер және нақты нәтижелері бойынша есеп беріңдер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың бірін бірі қайталайтын құрылымдарын оңтайландыруды және функцияларды нақты бөлу жұмысын жалғастыруды тапсырды. Әкімдердің жұмысын бағалаудың қазіргі жүйесін көптеген формалды көрсеткіштер мен есептілік түрлері қиындатып отырғаны айтылды. Көрсеткіштердің 96-сының тек 46-сы қолданыстағы статистикадан алынады, ал 50-і жаңа.

Сондай-ақ өңірлердің дамуына берілетін бағаға деген көзқарасты өзгерту қажет. Әкімдер жұмысының тиімділігі рейтингісіндегі негізгі көрсеткіштер инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, толыққанды жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік қызметтер сапасы, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық мәселелері, жастарды жұмыспен қамту сияқты индикаторлар болуға тиіс.

Қазақстан Президенті Үкімет пен Ұлттық Банктің жаңа басшылығы ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру мәселелерін пысықтағаны жөн екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы банк секторының нақты экономиканы дамытуға салынатын салымды арттыруын басымдығы бар міндет ретінде белгілеп берді. 

Өнеркәсіпке бүкіл банк секторының тек 12 пайызы несиесі бағытталады. Банктердің шағын бизнесті несиелендіруді азайту үрдісі де алаңдаушылық тудырады. Несие көлемі 2013 жылы 13 пайызға төмендеді, бұл ретте тұтынушылық несиелерінің көлемі бір жыл ішінде 50 пайызға өсіп,  2 триллион теңге деңгейіне жеткен.

Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың басында құрылған Түйткілді несиелер қорының әзірше тек небәрі 500 миллион теңгеге займдар сатып алуға келіскеніне назар аударды.   

Үкіметтің жіті назар аударуын талап ететін келесі бағыт – әлеуметтік жаңғырту үдерісін күшейту. 

Соңғы үш жыл ішінде мемлекет білім беруді қаржыландыру мөлшерін 1,7 еседен астам мөлшерге ұлғайтты. 2013 жылы ол бір жарым триллион теңгеге жуық көлемді құрады. Бірақ балабақшалардағы орын жетіспеушілігі өткір күйінде қалуда, жарты миллионға жуық бала кезекте тұр. Жекелеген облыстар білім беру нысандарының құрылысын тұралатуға жол беруде.

Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын нысандар бойынша қаржы игеру 62 пайыздан аспай отырғаны атап айтылды. Жергілікті бюджет бойынша да осындай ахуал байқалып отыр. Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы өңіраралық кәсіптік орталықтың іске қосылуы 2011 жылдан бері бірнеше рет жүзеге аспай қалды.

Нұрсұлтан Назарбаев кәсіптік-техникалық оқыту саласында экономика талап етіп отырған барлық мамандардың тек үштен бірі ғана дайындалатынына тоқталды. Сонымен қатар материалдық-техникалық база қанағаттанарлықсыз күйде қалуда, жатақханалар жетіспейді, өндірістік тәжірибесі бар білікті мамандар қатарына жататын оқытушыларға тапшылық бар. Жоғары білім беру жүйесінде де проблемалар бар секілді.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына да аса ауқымды қаржы бөлініп отырғанын атап өтті. 2012 жылы жалпы қаржыландыру көлемі 8 миллиард долларды құрады, яғни дамыған елдер деңгейіндегі ішкі жалпы өнімнің 4 пайызы. 45 емхананың, Алғашқы дәрігерлік санитарлық көмек көрсету орталықтарының, 300-ден астам дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыстары жоспарланды.

Осыған қарамастан қызмет көрсету сапасы әлі күткен нәтижеге жете қойған жоқ. Қазақстан Президенті өңірлерде салынған медициналық нысандардың білікті мамандармен қамтылуы қажеттігіне тоқталды.

Қазақстанның жүрек-қан тамырлары ауруларынан болған өлім жөнінен бірінші, жол-көлік оқиғаларынан болған өлім жөнінен екінші орын алатыны атап айтылды. Өткен жылы жол бойында 2145 адам, биылдың өзінде 2273 адам қаза болды. Мемлекет басшысы осыған орай көлікті алкогольді ішімдік ішіп алып жүргізгендер үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

Қазақстан Президенті еңбек және жұмыспен қамту саласындағы әлеуметтік көмекті өзара міндеттемелер негізінде еңбекке қабілетті адамдарға беру қажеттігіне назар аударды. Жұмыссыз адам әлеуметтік көмекті кейін қайтару шартымен алуға тиіс.

Қабылданған шараларға қарамастан жалақы бойынша берешек сақталып отырғаны, оның биылғы 1 қазанда 1 миллиард теңгеден асқаны атап айтылды.

Баспана жағдайын қамтамасыз ету маңызды әлеуметтік мәселе күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру көп реніш тудырып отырғанына тоқталды. Төлем қабілетінің төмендігіне байланысты оған көптеген отбасылар қатыса алмауда. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басшылары мен олардың туыстарының Бағдарлама аясында жеңілдік қарастырылған бағамен пәтер алу фактілеріне де назар аударды.

– Қайтарсын да, мұқтаждарға берсін, – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс барысында халықаралық интеграция мәселелері де қаралды.

Нұрсұлтан Назарбаев ішкі нарықтың көлемі шектеулі екендігін және экономиканың бұдан арғы өсімі үшін нарық кеңістігін кеңейту қажеттігін атап өтті.

– Ықпалдастық – біз үшін өмір талабы. Сол себепті біз қазір Еуразиялық экономикалық одақты құру және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы айтудамыз, – деді Мемлекет басшысы.  

Бұл ретте жалпы ықпалдастық картинасын жасау, іс-әрекеттердің мүмкін болатын барлық балама нұсқаларын әзірлеу, Қазақстанның ықтимал шығындары мен пайдасына талдау жүргізу қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөз топтары мен салалық мемлекеттік органдардың арасындағы үйлестірудің, сондай-ақ отандық келіссөз жүргізушілердің деңгейін көтеру қажеттігіне тоқталды. Бұл үшін Қазақстаннан өкілдік ететін кадрларды сапалы іріктеудің айқын механизмін әзірлеп, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің осы мәселедегі рөлін күшейткен жөн.

Қазақстан Президенті осы аталған мәселелердің барлығы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудің және бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін көтерудің қажеттігін атап айтты. Мемлекеттік БАҚ-та өзекті мәселелердің қозғалуына назар аудару қажет. Олардың міндеті – заманауи экономика, саясат, елдің ішкі және сыртқы ахуалы бойынша халықты сауаттандыру.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасына сәйкес елдің тарихы бойынша канондық оқулық жасау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

– Конституция сияқты тарихты да кәсіпқойлар жазып, бекітуі тиіс деп санаймын. Мұндай салмақты іске нақ сондай мамандарды тартуға тиіспіз. Бұл мәселеге біз алдағы уақытта да өте обьективті және дәйекті түрде қарайтын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс соңында Қазақстан Президенті жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан-2050» стратегиясы қазақстандықтардың 2-3 буыны үшін ойластырылған маңызды міндет екенін атап айтты. Әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру жолы оңай болмайды және мұны әрбір қазақстандық түсінуі тиіс.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің