Жиында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, университетті және зияткерлік мектептерді дамыту перспективалары, оқу орындарына құжат тапсыратын талапкерлер санын көбейту, Қамқоршылық кеңесінің жаңа құрамын жасақтау үшін іріктеу өткізу жайы, сондай-ақ ұйымдастыру аспектілері қаралды.
Қазақстан Президенті ғылыми-зерттеу үдерісін дамытып, университеттің халықаралық байланыстары аясын кеңейтудің маңыздылығына назар аударды, сондай-ақ бүкіл еліміздегі 20 зияткерлік мектептің тиімді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
– Зияткерлік мектептердің барлық түлектері еліміздегі және шет елдердегі жоғары оқу орындарына түсіп жатыр. Олардың 90 пайыздан астамы – мемлекеттік гранттар мен университеттердің білім беру гранттарының иегерлері. Білім беру мекемелеріне тың серпін беру үшін біз олардың одан әрі жұмыс жүргізу стратегияларын жандандыра түсуіміз қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы университет жеті жылдан бергі жұмыс барысында елеулі табыстарға жетіп, осы кезең ішінде мыңға жуық студентті түлеткенін атап өтті.
Сондай-ақ, жиында «Назарбаев Университеті» дербес білім беру мекемесінің президенті Ш.Катсу сөз сөйледі.