National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Сөйлеген сөздер


Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы отырысында сөйлеген сөзі

2013 жылғы 22 мамыр

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

 

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері іргелі істерге толы тағылымды жолдан өтті.

Осы уақыт ішінде біз қарқынды дамыған елге айналдық.

Экономиканың базалық салаларын басынан бастап құрдық.

Шикізаттық артықшылығымызды пайдаланып, өңдеуші секторды белсенді дамыттық.

Қазақстанда автомобиль және вагон жасау, авиатехника құрастыру салалары пайда болды.

Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде Қазақстан қазірдің өзінде 51-ші орын иеленіп отыр.

Бұл жолды біз сіздермен бірге жүріп өттік.

Біздің мемлекетіміз шетел инвесторларын әрдайым қолдап отыратынын сіздер білесіздер.

Соның арқасында елімізге 170 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын әкелдік.

Экономикаға салынған бұл қаржы ел үшін де, инвесторлар үшін де пайдалы болады.

Біз жаңа кезеңнің жаһандық сын-қатерлерін қабылдай отырып, қол жеткен жетістікпен тоқталып қалмаймыз.

Былтыр желтоқсанда Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясын жариялағанымды баршаңыз білесіздер.

Сол арқылы республиканың жиырма жылдағы қалыптасу кезеңін қорытындылап, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде жаңа биік міндет қойдық.

Оны іске асыру Қазақстанның әлемдік өндіріске белсенді араласуына жол ашады.

Шетел инвесторлары кеңесінің бүгінгі отырысының тақырыбы – Қазақстанның инновациялық дамуы.

Ол кездейсоқ таңдалған жоқ.

Бүгінде әлемдік экономикадағы бәсекелестік нақ осы инновацияға негізделген.

Бізде қазірдің өзінде белгілі бір нәтижелер бар.

Бүкіләлемдік Банктің «Бизнесті жүргізу» рейтингі бойынша біз 49-шы орындамыз және Шығыс Еуропаның көптеген елдерінен озып келеміз.

Елімізде инновациялық қызметті қолдаудың 14 түрлі тетігі бар.

Ғылымды қаржыландыру 2012 жылы 2 есе артты, ғылыми қызметкерлер саны 7 есе өсті.

Соңғы бірнеше жылда Қазақстан ғалымдары шетелден өз жұмыстарына 182 патент алды.

Ал 454 инновациялық жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты.

Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркінде инновациялық кластерлер табысты дамуда.

Қазақстан 2017 жылы ЭКСПО аясында энергетика саласындағы жаңа технологиялар үшін әлемдік таныстыру алаңына айналады.

Біз Ұлттық инвесторлар кеңесін құрдық.

Осының арқасында отандық бизнестің шетел инвесторлары үшін сенімді серіктес болуына жағдай жасалып отыр.         

 

Қымбатты достар!

 

Біз 2020 жылға дейінгі инновациялық дамудың тұжырымдамасын жасадық.

Ол озық жобаларды инвесторлармен бірге іске асыру арқылы біздің жеке инновациялық бастамаларды ашуға көшуімізді қарастырады.

Мемлекетіміз дамуындағы жаңа кезеңді бүгін қабылданған  «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы да айқындайды.

Оны іске асыруға ұйтқы болатын шараның бірі – ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі.

Осы стратегиялық маңызды құжаттарды өмірге енгізу үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет.

Бірінші – білім беру жүйесін инновацияға қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге бейімдеу.  

Осында қатысып отырған инвесторлардың көпшілігі білікті жұмыс күшінің жетіспеушілігі проблемасымен бетпе-бет келген. 

Біз халықаралық деңгейде біліктілігі бар инженерлік және техникалық кадрларға сұранысты қамтамасыз етуіміз керек.

Біз мұны бизнеспен қатар жүргізуіміз қажет.

Қазірдің өзінде бізде шетел инвесторларының қолдауымен бастау алған білім беруге арналған бірқатар табысты жобаларымыз бар.

«Тоталь» компаниясы Францияның және отандық оқу орындарында оқуға бірнеше жылдан бері грант бөліп келеді.

Оның құрылтайшылығымен өз саласындағы оқу орталықтарын халықаралық сертификаттаумен айналысатын Қазақстан дәнекерлеу институты құрылды.

Өз кезегінде, «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстан-Британ техникалық университетінің қамқорлығымен құрылған Қазақстан теңіз академиясына демеуші болды.

Мұндай тәжірибені барлық ірі кәсіпорындарға екі жақты білім беру жүйесі аясында тарату керек. 

Үкіметке әлемдік деңгейдегі колледждерді құрып, дамытуға инвесторлардың белсенді қатысуы үшін ынталандыру шараларын жасауды тапсырамын.

Мемлекеттік білім беру мекемелерінің бір бөлігін шетелдік инвесторлар мен отандық компаниялар консорциумдарының сенімді басқаруына беру мәселесін қарастыруды ұсынамын.

Бұл Астанадағы Халықаралық университет пен Назарбаев зияткерлік мектептері сияқты автономды білім бері мекемелері болуға тиіс.

Бизнес оқу жоспарлары мен әдістемелерін қалыптастыру ісіне қатысады, жетекші шетелдік оқытушыларды тартады.

Бұл жұмыс берушілердің барлық талаптарына түлектер сәйкес келуі үшін қажет.

Инженерлік кадрлар құрамы жергілікті мамандардан жасақталуға тиіс.

Мемлекет өз тарапынан бұл мекемелерді гранттар арқылы қаржыландыруды жалғастырады.

Бұл тәжірибені мұнай-газ саласынан, Атырау мұнай және газ институтынан, біз құрып жатқан колледждерден бастауды ұсынамын.

Үкімет шетел инвесторлары және КазЭнерджи қауымдастықтарымен бірлесіп бұл мәселені пысықтауға тиіс.

Екінші – Қазақстанның ғылыми әлеуетін іске асыру.

Ғылым саласында жоғары оқу орындары өзекті роль атқарады,

Егер 2010 жылы жоғары оқу орындары барлық ғылыми-техникалық бағдарламалардың 33 процентін орындаса, бүгінде жоғары оқу орындары жобаларының 67 проценті мақұлданды.

Сондықтан жоғары оқу орындарында қолданбалы және ғылыми-зерттеу бөлімшелерін құруды жалғастыру керек.

Іргелі жаратылыстану және нақты ғылымдарды дамытуға ерекше назар аудару қажет.

Бұл бағыттар қысқы мерзімде пайда әкеле қоймайды.

Бірақ олар отандық өнертабыстың және жаңалықтың негізі болып саналады.

Үкіметке мемлекеттік ғылыми мекемелердегі ғалымдарды материалдық қамтамасыз ету мәселесін қайта қарауды тапсырамын.

Әлеуметтік пакетке тұрғын үймен және орташа республикалық деңгейден төмен емес еңбекақымен қамтамасыз ету қосылуға тиіс.  

Бұдан бөлек, шетелдерден ғылымдағы таланттарды тарту және сыртқа кеткен отандас ғалымдарымызды Қазақстанға оралту жөніндегі шаралар кешенін қарастыру қажет.

Біз қазірдің өзінде Еуродақтың зерттеу бағдарламаларына қатысу үшін Халықаралық ғылыми-техникалық орталық құруға кірістік.

ТМД елдерімен, Еуразия Ядролық зерттеу орталығымен, Пекин геномика институтымен, Йель және Корнель университеттерімен, Германияның Макс Планка қоғамымен инновациялық ынтымақтастық бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Экономиканың қарқынды сұранысы үшін біз тиімді трансферт технологиясын қамтамасыз етуіміз керек.

Бізде қазірдің өзінде АҚШ, Жапония сияқты технологиялық жағынан дамыған елдермен бірқатар перспективалық жобалар бойынша алғашқы жетістіктер бар. 

Мысалы, Аутодеск және ТекШоп компанияларымен 3D-принтинг бойынша инновациялық шеберханалар құру, сондай-ақ Шинко компаниясымен Өндірісті автоматтандыру орталығын құру жобасы.

Үкімет бұл бағыттағы жұмысты жандандырғаны жөн.

Шетелдік инвесторларды біздің елде корпоративті ғылыми орталықтар ашуға шақырамын.

Инновациялық кластерлер аясында геология, медицина, 3D-принтинг, металлургия, энергия үнемдеу және құрылыс технологиялары,  композиттік материалдар саласында ғылыми орталықтар құру маңызды.

Назарбаев Университетінде біз іс жүзінде «үш қабатты генетикалық спиральды» – бизнес, ғылым және мемлекетті жүзеге асырудамыз. 

Бүгінде ғалымдардың бірлескен тапсырысы халықаралық бағалаудан өтіп, Ғылыми Кеңестің мақұлдауына ие болып, қаржыландырылуға жолданатындай тәртіп тетігі жүзеге асты.  

Сондай-ақ бизнес-инкубатор, коммерцияландыру офисі, тәжірибе-эксперимент цехы құрылды.

Назарбаев Университетінің үлгісі бойынша Үкімет  «ҚазАгроИнновация» АҚ-мен  бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласында әлемдік деңгейдегі зерттеу университетін құру мәселесін пысықтауы қажет.

Оған Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті негіз бола алады.  

Ол 3 компоненттіңжоғары оқу орнын, аумақтық ғылыми-зерттеу институттарын  тәжірибе шаруашылықтарының басын біріктіруге тиіс.

Дәл осылайша өзге де ғылыми-ағарту кластерлерін:

Алматы энергетика және байланыс университетінің негізінде – энергетикалық кластерді;

Қазақстан-Британ университетінің негізінде – химия кластерін құруға болады.

Бұдан бөлек, мен серпінді ғылыми зерттеулер және енгізілген инновациялар үшін ғалымдарға арналған әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындауға шешім қабылдаймын.

Ол жыл сайын жеті аталым бойынша тапсырылатын болады.

Сыйлықтың мөлшері – 100 мың доллар.

Біз ғылыми әлеуетті экономикада сұранысқа ие міндеттерді шешуге бағыттауға тиіспіз.  

Жобалар тақырыбын таңдауда негізгі критерий экономиканың нақты секторларынан алынатын форсайт-зерттеулер мен тапсырыстар болуға тиіс.

Үшінші – инновацияларға сұраныс тудыру.

Зерттеулер мен әзірлемелерге шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпорындардан тапсырыстардың Қазақстанда жасалуын қамтамасыз ету қажет.

Бәлкім, мұны заңнама тұрғысынан да бекіту керек болар.

Бизнес бұл бағытта қазірдің өзінде алғашқы қадам жасауда.  

Мысалы, мен Шелл компаниясын атап өтер едім.

Оны үйлестіру барысында Мұнай-газ саласының өндіруші секторын ғылыми-технологиялық дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасы әзірленді.

Бұл құжат саланы адымдап дамыту жолын,  жобаларды жүзеге асыруды және ғылыми ізденістер жоспарын айқындайды.

Отандық кәсіпкерлер мен ғалымдар үшін бұл – орасан зор әлеует және кепілдендірілген тапсырыс.

Жол картасының он бес бағытының бірі бойынша Шелл компаниясы өзі жұмыс жүргізуге әзір.  

Мен шетелдік инвесторларды өзге бағыттарды жүзеге асыруға атсалысуға шақырамын.

Үкіметке, «Самұрық-Қазына» қорын және КазЭнерджи қауымдастығы бұл Жол картасын жүзеге асыруды ұйымдастыруы қажет.

Бүгінде инновацияларды қаржыландыруды даму институттары, ұлттық холдингтер, Білім және ғылым министрлігі, өзге де бірқатар орталық мемлекеттік органдар жүзеге асыруда.

Бұл ұйымдардың әрқайсысы қай салаға жауап беретінін дәл айқындап алу керек.  

Инновациялық қызметті реттеуді оңайлату қажет.

Ықтимал қатері бар қаржыландыру ісі үшін бөлек режім қарастырылуға тиіс.

Зияткерлік меншікті қорғаудың тиімді жүйесі үшін нормативтік база дайындау қажет.  

Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемнің ең тиімді 20 елі қатарына кіруі керек.

Ұсынылған идеялар мен әзірлемелер сараптамасы, трансферттік технологиялар үшін мамандандырылған зертханалар ашу қажет.

Бұл механизм ашық және баршаға түсінікті болуға тиіс, біз «пайда қазанын» жасауға тиіс емеспіз.

Бұл орайда Үкімет Дойче Банктағы әріптестерінің көмегімен Қазақстанда Германияның тәжірибесін қолдану мәселесін де зерттеуі керек.

Өздеріңіз білесіздер, жер қойнауын пайдаланушылар түсімнің 1 процентін зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге бағыттайды.

Сол қаражат есебінен инновациялық жобаларды қаржыландыру көзі ретінде Венчурлық инновациялық қор құруды ұсынамын.

Ол халықаралық жобалар бойынша венчурлық қорды, Назарбаев Университеті, Инновациялық технологиялар паркі, өңірлік инновациялық кеңселер зерттеулерін қаржыландыратын болады.

Бұл қаражатты G-GLOBAL ақпараттық-коммуникациялық алаңы арқылы кең ауқымды зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыруға да бөлуге болады.

Бүгінде G-GLOBAL идеясы қазірдің өзінде институционалдық шешімге ие.

Хатшылық және Қамқоршылық кеңесі құрылды.

Қамқоршылық кеңесінің құрамына ірі компаниялардың өкілдері шақырылады.

Осы сәтті пайдалана отырып, Шетел инвесторлары кеңесінің мүшелерін оның жұмысына белсене қатысуға шақырамын.  

G-GLOBAL алаңында құрылатын Әлемдік прогностика институты зерттеу базасын кеңейтуге елеулі мүмкіндік береді.

Үкіметке осы мәселелерді пысықтап, биылғы 1 шілдеге дейін маған нақты нәтиже жобасын көрсетуді тапсырамын.

Біз Қазақстанның техникалық және құрылыс стандарттарының халықаралық деңгейге сәйкессіздігі проблемасын да шешуіміз керек.

Бүгінде бұл трансферт технологиясы үшін кедергі болып саналады.

Үкіметке 2013 жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық отандық стандарттарды тексеруден өткізуді және оларды шетелдік үздік үлгілерге орай ретке келтіру жоспарын дайындауды тапсырамын

Құрметті достар!

Инновацияларды енгізушілерге мемлекет тарапынан айрықша басымдығы бар қолдау жасалады.

Мен сіздерді біздің бизнесіміздің, білім беру ісінің және ғылымымыздың қайта құрылуына көмек көрсетуге, оларды инновациялар енгізуге бағыттауға шақырамын.  

Бұл сіздерге өз өндірістеріңіздің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.  

Сонда жергілікті үлес те инновациялық сипатқа ие болады.  

Бұл бағыттарды нақты іс жүзіне асыру үшін ортақ міндет белгілеуді ұсынамын.

Мен оны жыл барысында бірлесіп жүзеге асыруға болатын «үш жетіліктің бастамасы» деп атар едім.

Бірінші, Қазақстанға әлемге аты шыққан ең кемі 7 ғалымды  тарту.

Екінші, қазақстандық 7 компанияны жоғары технологиялық тапсырыспен  қамтамасыз ету.

Үшінші, 7 инновациялық старт-ап құруға қолдау көрсету.

Шетелдік инвесторлар қауымдастығынан Кеңестің жұмыс органы арқылы осы бастаманың үйлесімді түрде орындалуын қамтамасыз етуді өтінемін.  Келесі жылы біз бұл жұмыстың қорытындысын шығарамыз.  

Дәстүр бойынша келесі Кеңестің тақырыбын ұсынғым келеді.

2014 жылы шетелдік инвесторлардың Қазақстанның екінші өнеркәсіптік бесжылдығын жүзеге асыруға қатысуы мәселелерін талқылаған орынды.

Ол  инновациялық-индустрияық сипат алатын болады.

Мен Үкіметке биылғы қараша айына дейін оның тұжырымдамасын жасап, келесі жылғы мамырға дейін бағдарламаның өзінің әзірлемесін аяқтауды тапсырдым.

Оны мен сіздер мақұлдағаннан кейін Кеңестің келесі отырысында 2014 жылы мамырда бекіткім келеді.

Бүгінгі отырыс дәстүрлі түрде Астана экономикалық форумы қарсаңында өтуде.

Онда инвестициялық келісімшарттарды қоса алғанда бірқатар маңызды іс-шаралар өтеді.

Биылғы жыл БҰҰ-ның 67-ші Бас ассамблеясы мақұлдаған Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция өтетіндігімен де ерекшеленеді

Сіздердің баршаңызды оның жұмысына белсене атсалысуға шақырамын.

Жалпы отырыстан соң G-GLOBAL Қамқоршылық кеңесінің мүшелері қатысатын жұмыс бабындағы таңғы ас болады, оған сіздердің де бәріңіз шақырылғансыздар.

Табыс және одан әрі де бірлескен жемісті жұмыс тілеймін!

Назарларыңызға рахмет.

Астана, 2013 жылғы 22 мамыр.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің